Талдықорғанда заманауи өрт сөндіру бөлімі ашылды

Аумағы 2 мың шаршы метрден асатын кешен

қажетті құралдармен толық жабдықталған.

Ондағы мамандар 30 мыңнан аса халқы бар төрт бірдей ықшам ауданның тұрғындарына қызмет көрсетеді. Аталған ғимарат Президенттің төтенше жағдайлар саласы инфрақұрылымын және материалдық базасын нығайту тапсырмасы аясында тұрғызылды.

Мұнарасы менмұндалап тұрған өрт сөндіру бөлімі «Бірлік» ықшам ауданында бой көтерді. Салтанатты жағдайда ашылған ғимаратқа азаматтық қорғау саласының майоры Дамир Тарановтың есімі берілді. Ол биылғы көктемде қызмет бабында қаза тапқан болатын.

Заир Таранов, Д. Тарановтың ағасы:

- Дамир өте еңбекқор адам болды. Өз жұмысына адал, конституциясына адал еді. Ештемеге қарамай ауырса да жұмысын өте жақсы көретін адам.Қазақ еліне рахмет деп айтамыз. Біздің Дамирдың ерлігі тарихта өмір бойы қалатын болады.

Өрт сөндіру бөлімінде спорттық алаңдар, оқу-жаттығу орталығы, көлік тұрағы мен қызметкерлер жұмыс істейтін бөлмелер және құтқарушылар тынығатын орын, психологиялық кабинет қарастырылған. Енді облыстағы жедел дағдарыс орталығы да осында болады.

Нұрбол Исанов, облыстық ТЖД басқарма бастығы:

- Облыс орталығындағы 101,102 қауырт қоңыраулар осы жерде қабылданып, әрі қарай дер кезінде күштер мен құралдар жолданатын болады. Сосын барлық интернет желілер қосылған. Яғни карта арқылы зардап шегуші қай жерде қалып қойды, соның бәрін картамен көріп отырады. И біздің құтқарушылар құтқару операцясы кезінде немесе өрт сөндіру, авариялық құтқару жұмыстарын жүргізу кезінде осы жерден бәрі сүйемелденетін болады.

Былтыр өңірде бір өрт сөндіру бөлімі күрделі жөндеуден өткізіліп, тағы біреуі салынды. Жергілікті әкімдіктің мәліметінше, аймақтағы төтенше жағдайлар департаментінің техникамен жабдықталуы 84%-ға жеткен.

Марат Шөкенов, сала ардагері:  

- Енді мынау бірінші жаңадан салынған стандартта салынған. Ішінде жұмыс істегеннің өзі ыңғайлы. Тіпті қуанышты деп айтамын. Біз заманымызға қарағанда. Біз мұндайды көргеніміз жоқ. Ардагер ретінде екі, үш есе қуантады.

Аймақта «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында 10 өрт сөндіру бекеті ашылды. Алдағы уақытта шалғай елді мекендерде тағы 8-і салынып пайдалануға берілетін болады. 

Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев

Сондай-ақ оқыңыз: