Өскеменде көлік инфрақұрылымы жаңғыртылып жатыр
Өскеменде көлік қозғалысын жеңілдету үшін ірі жолайырық салынып жатыр. Бес көше қиылысатын күрделі жол торабынан автокөліктердің өту мүмкіндігі екі жарым есе артады.
Жалпы, қалада көлік инфрақұрылымын жаңғырту жұмысы қарқын алды. Келесі жылы Ертіс өзенінің үстінен өтетін көпірді жөндеу жоспары бар.
Өскеменнің көлік инфрақұрылмында ірі жобалар жүзеге асырылып жатыр. Кептелісті болдырмай, қозғалысты жеңілдету үшін жолайрық салынуда. Соңғы жылдары қала аумағы кеңейіп, көлік саны артты. «Бірнеше жол түйісетін күрделі торапта жолайырық құрылысын бастаудағы негізгі мақсат – осы», - дейді жоба жетекшілері.
Асхат Рахимов, жоба жетекшісі:
- Дәл осы нүктеде бес көше түйіседі. Ең бастысы қос жағалауды жалғайтын Сәтпаев даңғылы өтеді. Жолайырық салынған соң көліктер осы даңғылмен ары-бері бағдаршамсыз өте береді. Бұл транспорт ағынын арттырады.
Екі деңгейлі жолайырықтың құрылысы күрделі. 70 адам, 40 техника жұмылдырылған. Даңғыл бойындағы көлік нөпірін тоқтатуға болмайды. Сондықтан құрылысшылар тәуліктік режімде жұмыс істеп жатыр. «Тұтас құймалы бетондарды тасып, монтаждау жұмысы жауапкершілікті талап етеді», - дейді мамандар. Осы жобаны кедергісіз аяқтау үшін Ертіс көпірін жаңғырту кейінге шегерілді.
Рашид Шерубаев, қалалық ТҮКШ бөлімі басшысының м.а:
- Ертіс көпірін күрделі жөндеуді бастап кетсек, мұндағы көлік қозғалысын өзгертуге тура келеді. Ал бұл жолаушыларға, тұрғындарға қолайсыздық тудырады. Өйткені жолайрық та осы даңғыл бойында салынып жатыр. Сондықтан жобаны шегердік.
Биыл қала көшелерін жөндеуге бөлінген қаржы екі есе артты. Жалпы 60 шақырым автожолды жаңғырту жоспарланса, 90 пайыз жұмыс аяқталды. Назарбаев, Белинский, Карбышев атындағы көшелермен қатар, Ахмер, Күленов, Самсонов кенті сияқты шеткері шағын аудандар да назардан тыс қалған жоқ.
Авторлары: Эльмира Ахметова, Дмитрий Пыхтин