Дәрігерлердің қауіпсіздігі күшейтілді
Шымкент ауруханаларындағы агрессияны енді жасанды интеллект анықтайды. Елде алғаш рет қабылдау бөлімдеріне ақылды бейнебақылау жүйесі енгізілді.
Жаңа камералар күдікті әрекеттер мен қауіпті заттарды дереу байқап, ақпаратты полицияның жедел басқару орталығына жолдайды.
№1 қалалық ауруханаға тәулігіне 300-ге жуық адам жүгінеді. Қабылдау бөліміндегі қарбаластан жүйкесі жұқарып, ашуға булығатындардың табылатыны жасырын емес. Жаңа жүйе медицина қызметкерлеріне қарсы күш көрсетудің алдын алу мақсатында іске қосылды.
Алмаз Байбеков, Қабылдау бөлімінің меңгерушісі:
- Жедел қызмет болған соң әртүрлі жағдай болады. Эмоциямен, өз-өзін ұстай алмайтын, қауіпті жағдайлар болады. Біз ондайға жеткізбеуге тырысамыз. Түсіндіріп айтамыз. Ал фиксация болған соң әрине, бізге көмек болады.
Ақылды бейнекамералар қауіптің алғашқы белгілерін жылдам анықтайды. Күдікті мінез-құлық пен оғаш әрекеттерден бөлек, қауіпті заттарды байқап, іздеуде жүрген қылмыскерлерді таниды. Егер қандай да бір қатер туындаса, жүйе дереу полиция департаментінің жедел басқару орталығына хабар береді.
Болат Бердібеков, Қалалық денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы:
- Жасанды интеллект дауыс көтерілгенде, агрессиялық жағдай, я болмаса айқай-шу, ырың-жырың басталар алдында, монитордың алдында отырған операторға ескерту беріледі. Соған орай олар тез реакция жіберіп, қажет ететін көмекті көрсетеді.
Қалалық жедел медициналық жәрдем қызметіне де цифрлық жүйе енгізілді. Шақыртуға шыққан фельдшерлер арнайы бейнежетондармен қамтылып, науқаспен қарым-қатынасы және жұмыс сапасы бақылауға алынды. Бейнетіркегіштер SOS жүйесімен жабдықталған.
Алмат Мырзабек, фельдшер:
- Бізге ыңғайсыздық келтірмейді. Өйткені бізде кеудеде орналасқаннан кейін қимыл-қозғалысқа қолайлы. Алгоритм бойынша жұмыс істегеннен кейін біреу бақылап жатыр деген ой мүлдем болмайды. Тек науқаспен контакт болады. Науқастар бізді бейнежетонмен көрген кезде сыпайы, көркем күйде қарсы алады.
Бейнежетон барлық жедел жәрдем станциясының жасақтарына берілді. Ал ақылды бейнебақылау жүйесі онға жуық медициналық ұйымға орнатылды. Жыл соңына дейін өзге де мекемелерде іске қосу жоспарланып отыр.
Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Мұсатов