Президент: Балаларды фастфуд жарнамасынан қорғау керек

Елде қант диабетіне шалдыққан 7 мыңға жуық бала бар. Олардың саны көбеймесе, азайып жатқан жоқ.

Құрамында қант, тұз және май мөлшері жоғары өнімдердің жарнамасына көптеген мемлекет тыйым салып, шектеу қойып жатыр. Осыған байланысты Президент Қасым-Жомарт Тоқаев балаларды фастфудтың жаппай жарнамасынан қорғауды тапсырды. 

Медицина қызметкерлері де бұл түйткілдің барын жасырмай отыр. Тез ішіп-желінетін тағам зиянды әдет қалыптастырады. Ағзаға артық салмақ түсіреді және елдегі еңбек күші әлеуетіне теріс әсер етеді, - дейді.

Бүгінде фастфудтың жарнамасы қаптап кетті. Осыған байланысты «Үкімет ең алдымен балаларымыздың саулығын ойлап, аталған проблеманың ұңғыл-шұңғылын мұқият зерделеуі керек», - деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қазір елімізде 7 млн-ға жуық бала бар. Жастармен қоса есептегенде олардың үлесі халық санының жартысына жуықтайды. Еліміздің келешегі жарқын болсын десек, ең алдымен ұлағатты ұрпақ тәрбиелеуіміз керек. Ақпараттың шамадан тыс көбейіп кетуі қоғамға, соның ішінде жас ұрпаққа кері әсерін тигізе бастады. Мұндай ахуал азаматтардың жұмыс қабілетін төмендетеді. Бұл әсіресе болмыс-бітімі енді қалыптасып келе жатқан балалар үшін өте қауіпті.

Фастфудтың калориясы жоғары болғандықтан, денеге тез май жиналады. Құрамындағы тұз бен трансмайлар қан қысымын көтеріп, жүрек ауруларына әкеледі. Ал қанттың көп болуы зат алмасуды бұзып, диабет қаупін тудырады. Дәрумендер мен талшықтардың жоқтығы ас қорыту жүйесін нашарлатады. Салдарынан бетке бөртпе мен безеу шығады. Медицина қызметкерлері осылай дейді.

Мерейлім Гайсина, Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының Гигиена және денсаулықты қорғау департаментінің бас маманы:

- Балалар туралы айтсақ. Олар үшін бұл әлдеқайда маңызды. Өйткені тамақтану әдеті ерте жастан қалыптасады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтеріне жүгінсек, балалардың майлы және қантты тамақты жиі тұтыну салмағын арттырып қана қоймай, екінші типтегі қант диабетіне, бауыр ауруларына және басқа да созылмалы ауруларға алып келеді. Сондықтан оларға тамақтанудың негізін дұрыс түсіндіру керек. Ата-аналардың өздері дұрыс қарауы керек. Әсіресе 2 жасқа дейінгі балалардың тамақтануына ерекше көңіл бөлінуі керек.

Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы ұсынған дерекке сүйенсек, 2025 жылы тексерілген қоғамдық тамақтану нысандарының шамамен 27 пайызы белгіленген талаптарға сәйкес келмеген. Оның ішінде ашытқы өнімдеріне қатысты жүргізілген зерттеулер бойынша микробиологиялық және санитарлы-химиялық көрсеткіштер талаптарға сай болмай шықты.

Мерейлім Гайсина, Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы Гигиена және денсаулықты қорғау департаментінің бас маманы:

- 2024 жылы Ұлттық деңгейде өткізілген сауалнама нәтижесіне сүйенсек, Қазақстанның 18 жастан асқан ересек тұрғындардың арасында 58 пайызының артық дене салмағы бар. Сонымен қатар 22,4 пайызында клиникалық семіздік тіркелген болатын. Балалар туралы айтсақ, 6-9 жас аралығындағы балалар арасында семіздік деңгейі 6,6 пайызында, ал артық дене салмағы 20,6 пайызында бар.

Мамандардың айтуынша, елдегі әр он ересектің алтауында артық дене салмағы бар. Ал әр бесінші ересек клиникалық семіздікке душар болған. Клиникалық семіздік дегеніміз ағзада май тіндерінің тым көп жиналуына байланысты дамитын күрделі созылмалы ауру. Осыған байланысты диетологтар мен гастроэнтерологтар фастфудтан түбегейлі бас тартуға шақырады.

Сондай-ақ оқыңыз: