Оралға даттың қызыл сиырлары келді

148 бас асылтұқымды ірі қара ұшақпен Даниядан Ақтөбеге, кейін автокөлікпен Оралға жеткізілді. 

Сөйтіп мал шаруашылығын дамытуға арналған «Игілік» бағдарламасының игілігін батысқазақстандықтар алғашқы болып көрді. «Игілік» және «Береке» бағдарламасы бойынша өңірдегі 12 ауыл шаруашылық құрылымы 20 млрд теңгеге шетелден мал алады. 

Ерденбек Жылқайдарұлы, тілші:

- Сонау Скандинавиядан «Игілік» бағдарламасы бойынша Батыс Қазақстан облысының Бәйтерек ауданына жеткізілген мына сиырлар даттың қызыл сиыры деп аталады. Әлі тумаған қашар-құнажындардың ірілігін міне, көріп тұрсыздар. Сиырларының салмағы 800 келіге дейін барса, бұқалары тоннаға дейін тартады екен. Сонымен қатар тағы бір ерекшелігі сүтінің майлылығы аса жоғары. Тәулігіне 30-40 литр сүт береді.

Көлікпен келсе, Копенгаген мен Оралдың ортасы 4 мың шақырымға да жетпейді. Алайда Ресей шекарасы жабық болуына байланысты сиырларды ұшаққа салуға тура келіпті. Арнайы рейс Ақтөбеге қонды, кейін зеңгі баба тұқымын 6 жүк көлігі Жайыққа жеткізді. 2024 жылы сүтті-тауарлы ферма салған Әзілхан Арыстанов бұрын голштин сиырларын сатып алса, биыл таңдауы даттың қызыл сиырына түсіпті. Бір бастың құны тасымалын қосқанда 2 млн 160 мыңды құрайды.

 Әзілхан Арыстанов, шаруа қожалығының жетекшісі:

- Сәті түсіп, шаруашылыққа алып келіп жатырмыз. Бәйтерек ауданы, Белес ауылы. Енді «Ақжайық» ӘКК көмегін беріп, қаржыландырды, кредит алдық. Солардың күшімен тез-тез бітірген болдық. Осыған дейін голштин әкелгенбіз. Мына сиырлардың габариті шағындау, көзге үйренген. Сосын сүтінің құрамы, майлылығы жақсы болады деді. Сондай-сондай себептермен алып жатырмыз. Көреміз, екі линияны параллель жүргіземіз. Қайсысы тиімді болады.

«Игілік», «Береке» шетелден асыл тұқымды мал әкелуге арналған, биыл шыққан жаңа бағдарламалар. Алғашқысымен 100-ден 500 басқа дейін ірі қара алуға болады. Ал «Береке» бойынша әкелетін мал басы 500-ден болмауы тиіс. Яғни ірі шаруашылықтарға есептелген. Қаржы аграрлық несие корпорациясы арқылы бөлінеді. Ал игерілуіне жергілікті әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар жауапты. Биыл аталған бағдарлалар арқылы батысқазақстандық 12 шаруашылық 20 млрд теңгеге мал әкелмекші. 

Ержан Досмақов, «Ақжайық» ӘКК басқарма төрағасы:

- Бүгінгі күнге 12 шаруашылық тапсырыс беріп, несие беруді бастадық. Бүгін Арыстанов шаруа қожалығына келіп жатыр. Бұл – «Игілік» бағдарламасы бойынша облыста да, Қазақстанда да шетелден келіп жатқан алғашқы мал болып есептеледі. Ауыл шаруашылығы басқармасымен біріге отырып, облыста құрылған агроөнеркәсіптік комиссия арқылы тапсырыс беруші шаруашылықтарды комиссияда қарап жатырмыз. Қазіргі күні шаруашылықтар Еуропадан, алыс шетелдерден мал іздеп, сол малдарды жеткізу бойынша келісімшарттар жасау жұмыстарымен айналысып жатыр.

Батыс Қазақстан облысы еліміздегі ең малды аймақтардың бірі. Өңірде 1 млн 200 мыңдай мүйізді ірі қара болса, соның 150 мыңы асыл тұқымды мал.

Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Б. Жарылғасов, Э. Аюпов

Сондай-ақ оқыңыз: