Шығыс Қазақстанда ірі аю фототұзаққа түсіп қалды

фото: Экология және табиғи ресурстар министрлігі

Шығыс Қазақстандағы Батыс Алтай мемлекеттік табиғи қорығында фототұзаққа қоңыр аю түсіп қалды, деп хабарлайды 24KZ ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігіне сілтеме жасап.

Бұл жолы камера объективіне ірі қоңыр аю іліккен. Кадрлардан аңның едәуір ірі екені байқалады.

Әдетте жабайы аңдар адамды байқаса бой тасалап үлгереді. Ал фототұзақ орманды мекендейтін аюды тәулік бойы бақылауға мүмкіндік берген.

Мұндай түсірілімдер жануарларға кедергі келтірмей, олардың табиғи ортадағы тіршілігін бақылауға және зерттеу үшін қажетті деректер жинауға мүмкіндік береді.

Аймақта аю санының көбейгені де байқалады. Мамандардың мәліметінше, биылдың өзінде тұрғындар жыртқыш аңдарды елді мекендер маңынан көргені туралы 40-қа жуық хабарлама түскен.

Аюлар көбіне Алтай, Риддер қалаларының маңында, сондай-ақ Ұлан және Марқакөл аудандарында байқалады. Бірнеше күн бұрын қорбаңдаған аю Өскемен қаласының аумағынан да көрінген.

Мамандар жабайы аңдардың елді мекендерге жақындауын ормандағы табиғи азықтың азаюымен байланыстырады. Осыған байланысты тұрмыстық тамақ қалдықтары аюлар үшін оңай олжаға айналып отыр.

Сондай-ақ оқыңыз: