Малайзия билігі шекаралық бақылауды күшейтті: СІМ қазақстандықтарға ескерту жасады
Қазақстан азаматтарын Малайзияға кіргізбей қою жағдайлары жиілеген. Бұған визасыз режим талаптарының бұзылуы себеп болып отыр, деп хабарлайды 24KZ.
Қазақстандықтар Малайзияда туристік мақсатта немесе қысқа мерзімді іссапармен 30 күнге дейін визасыз бола алады. Алайда кей азаматтар елде рұқсат етілген мерзімнен ұзақ қалуға тырысады.
Олар үшін «визаран» тәсілі қолданылады. Яғни 30 күндік мерзімді қайта бастау мақсатында көрші елге қысқа уақытқа шығып, Малайзияға қайта кіреді.
ҚР Сыртқы істер министрлігі мұндай әрекет Малайзияның көші-қон заңнамасын бұзатынын ескертеді. Оның үстіне елге қайта кіруге кепілдік жоқ.
Малайзия билігі биыл шекаралық бақылауды күшейтті. Сондықтан «визаран» жасауға әрекет еткен азамат ұсталып, иммиграциялық орталыққа қамалуы және кейін елден депортациялануы мүмкін.
СІМ қазақстандықтарға сапар алдында Малайзияның кіру талаптарын тексеріп, елде болу мерзімін қатаң сақтауға кеңес береді.
Паспорттық бақылаудан өткен кезде сапардың нақты мақсатын көрсету керек. Сондай-ақ Малайзиядан 30 күн ішінде шығуға арналған әуе билеті және сапар мақсатын, тұратын жерін растайтын құжаттар болғаны жөн.
Визасыз режим елге міндетті түрде кіргізеді дегенді білдірмейді. Қазақстан азаматын Малайзияға кіргізу туралы соңғы шешімді шекарадағы көші-қон қызметкері қабылдайды.