Туристер кесірінен кит тәрізді акулаларға қауіп төнді

Индонезияда кит тәрізді акуламен жүзу туристер арасында сұранысқа ие демалыс түріне, ал жағалау тұрғындары үшін жаңа табыс көзіне айналды.

Алайда бұл аймақтағы сирек кездесетін теңіз жануарларына қауіп төндіре бастады. Экологтар кит акулалары адамдармен жиі байланысқа түсуі олардың мінез-құлқының өзгеруіне әкелуі мүмкін деп ескертеді. Енді ғалымдар мен жергілікті тұрғындар туризм мен табиғатты қорғауды қатар алып жүрудің тың жолын іздестіріп жатыр. 

Кит акулалары Индонезияның Ботубарани ауылындағы басты туристік нысанға айналды. Бұрын балық аулаумен күн көрген жергілікті тұрғындардың бүгінде 80-ге жуығы осы саланы дөңгелетіп отыр. Саяхатшылардың көптігінен жергілікті тұрғындардың күнделікті табысы да артуда. Меймандардың кит акуласын тамашалаған бейнежазбалары әлеуметтік желілерде кең таралып, саяхтшылар көбейген. Алайда туристер санының артуы экологтарды алаңдатады. Өйткені кит акулалары жер бетінен жойылып кету қаупінде тұр. Мамандар оларды қолдан қоректендіру табиғи мінез-құлқына кері әсер етуі мүмкін дейді. 

Сукирман Тилахунга, Индонезия балық шаруашылығы министрлігінің зерттеушісі:

- Олардың бұл жерге келуіне су айдынында табиғи қоректің болуы себеп. Ережеге сай акулаларды тікелей қоректендіруге тыйым салынған. Сондықтан туристерге қосымша жем беруді біртіндеп азайтып жатырмыз. 

Енді ғалымдар акулалардың табиғи қорегі болатын планктон мен ұсақ балықтарды су бетіне тартудың амалын қарастырып жатыр. Оған күн қуатымен жұмыс істейтін құрылғыны сынақтан өткізуге кірісті. Бұған қоса табиғат қорғаушылар аймаққа келген туристердің легін де қысқарту керек деген шешімге келді. 

Икбал Хервата Путра, KONSERVASI INDONESIA ұйымының өкілі :

- Туристік қызметті реттейтін ереже дайындап, жануарларға кері әсері болмауын қадағалауымыз керек. Келушілердің ең көп санын анықтап, күнделікті квота енгізген жөн. Экскурсиялар таңнан кешке дейін жалғаспауы тиіс. Өйткені кит акулалары өзінің қалыпты тіршілігінде де өмір сүруі керек.  

Кит акулаларының дене тұрқы ірі болғанымен, адамға еш қауіп төндірмейді. Керісінше бүгінде өздерін қорғауға мұқтаж. Себебі олар жойылып кету қаупі бар жануарлар қатарына жатқызылған. Ендігі міндет - туризмді дамыта отырып, теңіз жануарларының табиғи тіршілігіне зиян келтірмеу. 

Авторы Арайлым Жақсылыққызы

Сондай-ақ оқыңыз: