Павлодарда кәсіпорыннан ұрланған 24 млн теңге кастрөлдің ішінен табылды
Павлодарда кәсіпорыннан шамамен 25 млн теңге ұрлаған күдікті ұсталды, деп хабарлайды 24KZ.
Полицияға қаладағы кәсіпорындардың бірінен ақша ұрланғаны туралы хабарлама түскен. Келтірілген шығын көлемі шамамен 25 млн теңгені құраған.
Жедел-іздестіру шаралары барысында полицейлер күдіктіні анықтады. Ол аталған кәсіпорында күзетші болып жұмыс істеген.
Саяжай серіктестіктерінің біріндегі учаскеде жүргізілген тінту кезінде полицейлер 24 млн теңге көлеміндегі ақшаны тапқан. Күдікті қаржыны алма ағашының түбіндегі кастрөлдің ішіне жасырған.
Күдікті ұсталып, Павлодар қаласы полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тәркіленген ақша қаражаты қылмыстық іс материалдарына заттай дәлелдеме ретінде тіркелді, — дейді Павлодар қаласы ПБ полиция басқармасының бастығы Балғабай Қапаров.
Қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда.