Қарағанды облысында 70 модульдік ветеринарлық пункт ашылады

Қарағанды облысында жақында 20 модульдік ветеринарлық пункт

пайдалануға беріледі. Қазір монтаждау жұмыстары жүріп жатыр. Жалпы жыл соңына дейін елдімекендерде тағы 50 бекет іске қосылады. Бұл ауыл малын індеттен қорғап, ветеринариялық іс-шараларды дер кезінде жүргізуге мүмкіндік береді. Жаңа пункттердің бірі Бұқар жырау ауданының Петровка ауылында ашылды.

Руслан Нұрланұлы, тілші:

- Петровка ауылдық округіне қарасты үш бөлімше бар. Мұндағы төрт түліктің жалпы саны 7 мыңға жуықтайды. Малды егу, түрлі ауруларға қарсы тексеру жұмыстары бұған дейін әр үйді аралап жүргізілетін. Енді ол жұмыстардың барлығы мынадай жеке қоршауы бар заманауи ветеринариялық пункте жүргізілетін болды. 

Жаңа бекетте жұмыс істейтін меңгеруші мен ветеринариялық санитарларға қолайлы жағдай жасалған. Қажетті құрал-жабдық пен препараттар әзірге жеткілікті.  Жеке қоймасы да бар. Ауылдағы ірілі-ұсақты 202 жеке шаруашылыққа енді осы жерден тұрақты түрде  қызмет көрсетіледі. 

Тілеуберді Мылтықбай, ауыл тұрғыны:

- Жаңа ғимараттың болғаны жақсы ғой, не десеңіз тұрымтай тұсында жергілікті жерде осындай ғимараттар болғаны жақсы. Малды қаратуға өте ыңғайлы, жақсы болды. Малымызға енді бірдеңе болатын болса, осыған келе қаламыз ғой пунктқа. 

Облыста жақында осындай 20 нысан  іске қосылады. Жалпы жыл соңына дейін 50 модульдік ветеринариялық пункт салынады. Қазір 46 ауылда тиісті жұмыстар басталды. Заманауи бекеттер халықтың қолындағы малды бақылауда ұстап, түрлі ауруға қарсы іс-шараларды  уақытылы жүргізу үшін салынып жатыр, дейді сала мамандары. 

Қайырбек Тұрсынбеков, ветеринария басқармасы басшысының орынбасары: 

- 2026 жылдан - 2030 жылдар аралығында кешенді мал шаруашылығын дамыту жоспарланған үкіметтің. Сол кешенді жоспар аясында ветеринария саласын модернизациялау қолға алынды. Биылғы жылға 2 миллиард теңге бөлініп, осы ветеринариялық пунктерменен облысымыздың 70 елді мекенін жарақтандыру қолға алынды. 

Ауыл-аймақта жаңа нысандар ашыла бастағаннан кейін,  ветеринария саласына жас мамандарды тарту шаралары жүргізілуде. Бұрыннан еңбек етіп жүргендердің  20 пайызы егде жастағылар.  Диана Өксікбаева  Сәкен Сейфуллин атындағы аграрлық университеттің түлегі. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша ұсыныс түскенде бірден келісіп, ауылға жұмысқа келген. 

Диана Өксікбаева, ветеринар:

- Көмек ретінде подъемный дейді, сол подъемныйды алдым. Одан қоса үй қарастырылған. Ауылда жұмыс істеуге мүмкіндік бар. Жалпы ауылда тұрып, дамымай қалам деген адамдар өте қатты қателеседі. Келгелі бері мен көп тәжірибе жинақтап жатырмын. 

Жалпы алдағы екі жылда өңірде ветеринариялық инфрақұрылымды жаңғырту бағытында 173 нысан салынады. Бұл сала мамандарының еңбек жағдайын жақсартып, ауылдық жерлердің өзінде сапалы қызмет көрсетуге мүмкіндік береді. 

Руслан Нұрланұлы, Сайлау Игіліков, Аман Хамит

Сондай-ақ оқыңыз: