Баянауылда еңбек өтілі бір ғасырдан асатын кеншілер отбасы бар
Бүгін кеншілер күні.
Жер қойнауын игеріп, ел экономикасына үлес қосқан азаматтардың еңбегін құрметтейтін кәсіби мереке. Павлодар облысы Баянауыл ауданындағы Керегетас кенішінде еңбек етіп жүрген Ибраевтар әулетінің жалпы еңбек өтілі бір ғасырдан асқан. Шаңырақтың үлкені Боранбай Ибраев қырық жыл ғұмырын осы кенішке арнаған. Аға жолын екі інісі мен қарындасы жалғап, бүгінде осы кәсіпте абыройлы еңбек етіп келеді. Олар үшін кен қазу жай ғана жұмыс емес, жылдар бойы қалыптасқан отбасылық дәстүрге айналған.
Боранбай аға Керегетас кен орнына жастайынан келген. Еңбек жолын қарапайым электриктен бастаған ол, талай белесті бағындырды. Кеніштің бас энергетигі қызметіне дейін көтерілген. Табаны күректей қырық жыл ғұмыры кеніште өтті. Еңбекке адалдығы мен жауапкершілігі кейінгі інілері мен қарындасына үлгі болды.
Боранбай Ибраев, еңбек ардагері:
- Осы кеніште жұмыс істедім, әртүрлі қызметтерде бас механик болдым, директордың орынбасары болдым ремонт жағынан, сол енді одан інілерім осында Керегетас кенішінде жұмысқа түсті, қарындасым подстанцияда осында еңбек етеді.
Әктас алюминий өндіру технологиясында кеңінен қолданылатын маңызды шикізаттың бірі. Кеніште тәулігіне бес-алты мың тоннаға дейін кен өндіріледі. Алпыс жылдық тарихында Керегетас кенішінен 110 миллион тоннадан астам әктас қазылған. Бұл көрсеткіштің артында қарапайым кеншілердің қажырлы еңбегі мен маңдай тері жатыр.
Ержан Ибраев, кенші:
- Карьерда қиындау енді, істеуге болады, ең үлкен ағам осында одан кіші ағам эксковаторда істеді. Одан кейін мен келдім, ақырын-ақырын түгеліміз осында. Үлкен тағы бір ағам заводта эксковатор көмекшісі.
Ержан Ибраев 1995 жылдан бері кен қазу саласында еңбек етіп келеді. Тереңдігі тоқсан метрге жететін ашық кеніште жұмыс істеу оңай емес, дейді ол. Жұмысшылар күннің ыстығы мен аязда, желдің өтінде жұмыс істейді. Өйткені мұндағы өндіріс бір сәтке де тоқтамайды.
Мағжан Сәдуақасов, Керегетас кенішінің директоры:
- Бұл еңбекқор, тәрбиелі, жауапкершілігі мол отбасы. Әрқайсысы өз ісіне ұқыптылықпен қарайды. Бұл әулеттің бірнеше буыны осы кәсіпорында еңбек еткен. Ержан Ибраевтың ұлы Әнуар да энергетик болып жұмыс істейді. Ол да өз ісіне адал, жақсы маман.
Керегетас кенішінде еңбек еткен қырық жылға жуық уақытта талай өзгерісті бастан өткердік. Алайда кәсіпке деген адалдық сол күйінде қалды, дейді Боранбай аға. Осылайша бір әулеттің еңбек жолы Керегетас кен орнымен біте қайнасып, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келеді.
Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев, Марат Игіліков