Кентауда Сақ Мәуленқұловтың 100 жылдығына орай ескерткіш ашылды
Кентау қаласында тау-кен саласының көрнекті маманы, мемлекет және өндіріс қайраткері Сақ Мәуленқұловтың 100 жылдығына арналған тағылымды іс-шара өтті.
Елдің өндірістік дамуына елеулі үлес қосқан тұлғаның мерейтойына орай «Еңбегімен елге танылған тұлға» атты ғылыми конференция ұйымдастырылды. Мерейтойлық шараның маңызды бөлігі - Сақ Мәуленқұлов атындағы көшеде көрнекті қайраткердің еңселі ескерткішінің ашылуы болды.
Конференция алдында Сақ Мәуленқұловтың өмірі мен еңбек жолына арналған көрме ұйымдастырылды. Онда даңқты кеншінің Кентау қаласының қалыптасуы мен өндірістік әлеуетінің артуына қосқан үлесін айшықтайтын құнды деректер көпшілік назарына ұсынылды. Ал жиында ардагер кеншілер тау-кен инженерінің өндіріс саласындағы қызметі мен қоғамдық-саяси өмірі және Кентау қаласының дамуына қосқан үлесі жайында сөз қозғады. Ардагер инженер-металлург Қылышбек Ізбасханов Кентаулық аға ұрпақтың әлемді таңдандырған және ешбір ел жаңарта алмаған шапшаң бұрғылау жөніндегі рекорды тарих бетінде алтын әріппен жазылып қалғанын атап өтті.
Қылышбек Ізбасханов, ардагер инженер-металлург:
- Кеңес одағы кезінде шығып жатқан тау-кен машиналарының сапасы да, өндірісі де төмен болғанымен, бірақ инженерлер өздері Сақ Мәуленқұлұлының арқасында түрлі өзгерістер енгізіп, әлем рекордын орнатты. Сағатына 50-100 тонна руда алып тұрса, олар соның өндірісін ең кемінде 30-40 пайызға көтерді. 30-40 пайыз деген ол өте үлкен табыс.
Бұл сол уақыттағы кенші-металлургтердің төгілген тері, қолтаңбасы ретінде кейінгі буынға өнеге болып қала бермек. Сақ Мәуленқұлұлы «Ащысай түстіметалл» комбинатын 18 жыл бойы басқарып, абыройлы қызмет атқарады.
Ол кезде комбинат құрамындағы 4 кеніш пен 3 байыту фабрикасында 15 мыңға жуық адам жұмыс істеді. Ардагер кенші Жолшыбек Аққұлов ұстазының тек кен орындарының дәуірлеуіне ғана емес, Кентау қаласының да дамуына орасан зор үлес қосқанын айтады.
Жолшыбек Аққұлов, ардагер кенші:
- Менің әкем рудникте қарапайым жұмысшы болған. «Ондай әулие адам жоқ, ол кісінің артынан ере бер» деп айтатын. Ол тек менің әкем емес, жұрттың бәрінің ойы сондай. «Жастарға арналған тұрғын үй кешені» деген болған кезінде. Соны ең бірінші сол кісінің қолдауымен мен ұйымдастырғанмын. Қалада осы кісінің арқасында 216 жас отбасы үйлі болды. Осы кісінің істеген көп еңбегінің біреуі-ақ бұл.
Сақ Мәуленқұлұлы басшылық жасаған жылдары қалада құрылыс қарқын алып, әлеуметтік нысандар ашыла бастады. Мәселен Ш.Қалдаяқов атындағы мәдениет сарайы, «Жансая» шипажайы, оннан аса балабақша мен мектеп комбинат есебінен бой көтерді.
Сақ Мәуленқұлов 1926 жылы Түркістан өңіріндегі Хантағы елді мекенінде дүниеге келген. Еңбек жолын 16 жасында Хантағы кен фабрикасында электр монтері ретінде бастап, соғыс жылдары жауға қарсы атылған оқ-дәріге қажетті шикізат өндіруге атсалысты. Алдымен Шымкенттегі тау-кен техникумын, кейін Алматыдағы тау-кен металлургия институтын тәмамдаған.
Мерейтойлық шара Сақ Мәуленқұловтың бюстын ашу рәсімімен жалғасты. Өткен жылы көрнекті кеншінің атына көше беріліп, сол жерден арнайы аллея ашылған болатын. Мемлекет және өндіріс қайраткерінің еңселі бюсты сол аллеяның ішіне орнатылды. Ескерткішті ашу рәсіміне қала басшылығы, ардагер кеншілер, зиялы қауым өкілдері мен ұрпақтары қатысты.
Асқар Ақмолдаев, жиен немересі:
- Сол кісінің қолында өстім, керемет ата болды деп айтуға болады. Ақыл да айтатын, тәртіпті де талап ететін еді. Спортпен жақсы шұғылданатын, бізді ерте тұрғызатын. Атаға қарап жүзіп үйрендік. Атамызға осындай құрмет көрсетіп жатқанына өте қуанштымын. Осындай ескерткіш орнатып жатқанына ризамыз.
Сондай-ақ мерейтой аясында қалаға кіреберістегі көпқабатты тұрғын үйдің қасбетіне Сақ Мәуленқұловтың бейнесі бейнеленген мурал көпшілікке таныстырылды. Бұл – Кентаудың тарихында өшпес із қалдырған ардақты тұлғаның есімін ұлықтап, кейінгі ұрпаққа жеткізу. Осы арқылы даңқты кеншінің жарқын бейнесі Кентау тұрғындарының жадында мәңгі сақталмақ.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Қуаныш Абуов