Түркістан облысынан мыңнан астам адам жұмыс күші тапшы өңірлерге қоныс аударды

Қай жаққа көшкіңіз келеді? Қазақстанның әр аймағының өзіндік ерекшелігі бар. Биыл жұмыс күші тапшы өңірлерге қоныс аударушылар үшін 6 мыңға жуық квота бөлінді. 

Осы арқылы 7 өңірде мемлекеттік қолдау көрсетіледі. Бұлар: Солтүстік, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Абай, Ұлытау, Павлодар және Қарағанды облыстары. Ал осы аймақтарға барғысы келетін түркістандықтар үшін қанша квота бөлінді, қанша отбасы қоныс аударды? 

Түркістан – еліміздегі халқы ең тығыз орналасқан, демографиялық өсімі жоғары өңір. Сондықтан оңтүстіктен солтүстікке көш тоқтаған емес. Сауран ауданы Шорнақ ауылдық әкімшілігінде бағбан болып жұмыс істейтін 52 жастағы Кенжеғали Тәтеновтің үш баласы Қостанайда тұрады. Қыздары да өз орнын тапқан. Айтуынша, үлкен ұлы 10 жыл бұрын Тобыл өңіріне оқуға барып, үйленіп, үйлі-жайлы болып сол жақта тұрақтап қалған. Қалған екі ұлы да сонда оқиды. «Ұлдарым күзге қарай бізді көшіріп алуға әрекет жасап жатыр», - дейді жігіт ағасы. 

Кенжеғали Тәтенов, Сауран ауданының тұрғыны:

- Плотник — өзімнің мамандығым. Художник-оформитель, дизайнермін, әрі бағбан болып істеп жатырмын осы жерде. Үлкен ұлым – сол жақтың жергілікті тұрғыны. Сол енді: «Әке, мына жаққа көшіп келсеңізші», – деп жатыр. Мен өзім де бардым, ауа райы өте керемет жер екен. Шалғын шөп, салқын, таза ауа екен. «Келсеңіздер, үй-жай береді, малмен қамтиды. Жұмыс береміз деп әкімшілік уәде беріп отыр», – дейді. Қостанайға барамын. 

Сауран ауданынан биылдың өзінде Кенжеғали сияқты 5 отбасы қоныс аударыпты. Жауаптылар Түркістан облысына биылға бөлінген квота таусылып, қосымша тағы қарастырып жатқандарын айтады. Жалпы жыл басынан бері облыс бойынша жұмыс күші тапшы жеті өңірге 236 отбасы, яғни 1023 адам қоныс аударған. 

Ерсұлтан Байбатшаев, Түркістан облысы еңбек мобильділігі орталығының директоры:

- Қостанай облысына – 37 отбасы, 104 адам, СҚО – 98 отбасы, 443 адам, ШҚО – 13 отбасы, 58 адам, Павлодарға – 86 отбасы, 366 адам, Абай облысына – 4 отбасы, 17 адам көшті. Сонымен қатар Ұлытау облысына – 7 отбасы, 32 адам, Қарағанды облысына – 1 отбасы, 3 адам қоныс аударды. 

Сонымен қоныс аударушыларға мемлекет тарапынан қандай көмек көрсетіледі? Жауаптылардың айтуынша, көшіп барған азаматтардың жол шығыны өтеледі. Одан бөлек, әрбір отбасы мүшесіне 302 мың теңгеден бір реттік көмек көрсетіледі. Тұратын баспанасының бір жылғы ақысы төленеді. Ең бастысы, үй сатып алу үшін алғашқы жарна ретінде 7 млн теңге беріледі. Ал кәсіп ашамын деушілерге 3 млн теңгеге дейін қайтарымсыз грант қарастырылған. 

Авторлары: Жандос Жұмабек, Қуаныш Абуов

Сондай-ақ оқыңыз: