Түркістан облысында отбасындағы зорлық-зомбылықтан қорғау күшейтілді

Қазақстанда отбасындағы зорлық-зомбылықтан қорғау шаралары күшейтілді.

Денсаулыққа қасақана зиян келтіру және ұрып-соғу әрекеті үшін биыл 90 мыңнан астам адам жауапқа тартылды. Олардың ішінде 25 мыңы әкімшілік қамауға алынды. Ал төрт мыңнан астам әйелге дағдарыс орталықтарының мамандары қолдау көрсетті. 2 жыл бұрын әйелдердің құқығы мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған заң қабылданды. Заңды қатаңдатуды Президенттің өзі қолдап, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күресті мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі ретінде айқындап берген еді. Халқы тығыз орналасқан Түркістан облысында бұл бағытта қандай шаралар атқарылып жатыр? 

Отбасында зорлық-зомбылыққа ұшырағандардың бірі 35 жастағы қала тұрғыны. 6 баланың анасы 10 жылдан бері күйеуінен зәбір көргенін айтады. Тұрақты жұмысы жоқ, ішкілікке үйір жолдасы балалардың көзінше үнемі таяққа жыққан. Ең сорақысы, лудоман күйеудің қарызын несие алып жапқан. Бұның соңы жақсылыққа апармайтынын түсінген келіншек құзырлы органдардардың көмегіне жүгінген. 

 Жәбірленуші:

- Қазір сот процесі жүріп жатыр. Алдағы уақытта мен ажырасып, өз өмірімді өзім сүремін деген ойға келдім. Қазіргі әйелдерге айтатыным, осындай жағдайлар болып жатса, үндемей, кешіріп, жүре беруге болмайды деп шешім қабылдадым. Бұл жағдай жалғаса-жалғаса бір күні қате тиіп кетсе, бала-шаға әкесіз де, шешесіз де қалады. Әркімге жәутеңдеп, жетім қалады. Соны ойлап мен ажырасуға шешім қабылдап отырмын.

Облыстық прокуратура мәліметінше, жыл басынан бері Түркістан облысында 237 тұрмыстық құқық бұзушылық тіркелген. Олардың 75% денсаулыққа қасақана зиян келтіру және ұрып-соғу әрекеттері. Нәтижесінде сот шешімімен құқық бұзушылардың кейбірі қамауға алынса, енді бірі қоғамдық жұмысқа тартылды. Қалғандары айыппұл арқалады. 

Абу-Али Саттар, Түркістан облысы прокурорының орынбасары: 

- Өңірде мұндай қылмыстар көбіне Түркістан қаласы мен Жетісай, Сарыағаш және Сайрам аудандарында кездеседі. Отбасының шырқын бұзатын мұндай азаматтар ерекше қадағалауға алынған. Облыста жүзеге асырылып жатқан «Айқын нәтиже» жобасы аясында 358 адамға түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, 1086 қорғау нұсқамасы шығарылды. Одан бөлек 68 адам профилактикалық есепке қойылды. 

Қазір отбасындағы зорлық-зомбылық үшін жаза қатаң. Бұрын бұл әкімшілік жаза ретінде қарастырылса, енді қылмыстық құқық бұзушылыққа жатады. 2 жыл бұрын заңға енізілген өзгерістер тұрмыстық заң бұзушылықтың кез келген түріне құқықтық тосқауыл қояды. Осындай жағдайда жедел әрекет ету үшін облыстық прокуратура сотпен, тергеу органдарымен және сот сараптама орталықтарымен үш жақты келісім жасасқан.

Мейіржан Спабеков, облыстық прокуратураның басқарма басшысының орынбасары: 

- Қазір Мемлекет басшысның да ерекше бақылауына алынып, прокуратура және ішкі істер органдарының ерекше назарында. Тергеу әдістері де, сараптама қорытындыларын да жедел түрде алу қазір тәжірибеге айналды. Бұрын айлап тергеліп, сотқа жететін болса, қазір 3 тәулік ішінде сотқа жіберіп, 3 күнде соттың үкімі шығуына дейін қысқарды. 

Тұрмыстық зорлық-зомбылық әрекеттеріне қатысты жаза мерзімі қылмыстың ауырлығына қарай сараланады. Алғаш рет әрі денсаулыққа жеңіл зиян келтірілген жағдайда ірі көлемде айыппұл салу, қоғамдық жұмыстарға тарту немесе 50 тәулікке дейін қамауға алу шарасы көзделген. Ал қайталанған немесе ауырлатылған жағдайда 2-ден 3 жылға немесе 4-ден 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Авторлары Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш

Сондай-ақ оқыңыз: