Атырауда лотос алаңына келушілер көбейді
Атырауда туристік кластер қалыптасып келеді. Батыс өңірінің таңғажайып табиғатына тамсанып, тарихи орындарына саяхат жасаушылар көп.
Дені лотос гүл алқабын, «Хан Ордалы Сарайшық» қалашығын, «Ақкерегешың» бор таулы алқабын көргісі келеді.
Биыл туризм саласына 22,3 млрд теңге инвестиция тартылды. Қазір өңірде мейманханалар мен сапаржайлар салынып, күре жол бойында 8 әлеуметтік нысанның құырылысы жүріп жатыр.
Құрманғазы ауданындағы лотос гүл алаңы өңірдің мақтанышына айналып келеді. Аумағы 5 гектар алқапқа жайылған гүл аралы көрген жанның көңіліне қуаныш ұялатқандай. Бас-аяғы бір ай ғана гүлдейтін табиғат тамашасын көруге 30 мыңға жуық адам келді.
Берік Есенғалиев, турист:
- Қазақстандағы бірегей лотос өсетін, теңіз жағасындағы үлкен алқап. Туризмді дамытуға жақсы мүмкіндік бар. Бұл жерге жақсы траптар жасалған. Келіп, тамашалауға арналған қайықтар ұйымдастырылған. Жалпы табиғатты оңаша тамашалап, тынығып кетуге керемет жер.
Жылыой ауданындағы «Ақкерегешың» бор таулары табиғаттың қайталанбас туындысы десек, артық айтқандық емес. Киіз үй көлемдес таудың сырт бейнесі алыстан қарағанда қанатын жайған керегені көзге елестетеді. Ғалымдар бұл тау түзілісін миллиондаған жыл бұрынғы, ежелгі Тетис мұхитының табанына пайда болған деген болжам айтады. Қалай дегенмен де, сыртқы ортаның әсері борлы жыныстарды осындай ерекше пішінге келтіріп, табиғаттың қайталанбас туындысын жасаған. Ақкерегешыңның сұлулығын жылына 5 мыңдай адам тамашалайды. Олардың қартарында жас өлкетанушылар да бар.
Рахман Асқарұлы, жас өлкетанушы:
- Алғаш көрген сәтте ерекше әсер қалдырды. «Мың рет естігеннен, бір рет көрген артық» демекші, телефоннан көрген мен көзбен көргеннің арасы жер мен көктей екен. Бөлек сезім, ерекше әсер! Өкінбейміз, бәрі көңілімізден шықты. Керемет әсер алып қайттық.
Өңірдің осынау көз тоймас ғажайыптары мен тарихи орындары туризмнің дамуына игі ықпал етіп отыр. Осыған орай жергілікті билік табиғат сыйын табыс көзіне айналдырып, туристік орындардың инфрақұрылымын қолға алды.
Динара Тоқсанова, Денешынықтыру, спорт және туризм басқармасының бас маманы:
- «Сарайшық» қалашығына апаратын жол салынды. Сондай-ақ «Атырау–Мұқыр» тас жолынан Ақкерегешың және Иманқара үңгірлеріне дейінгі 50 шақырым жол төселді. Сонымен қатар Ақмешіт қорымына апаратын 50 шақырым жолдың құрылысы жүргізіліп жатыр. Лотос алқабының танымалдығын арттыру мақсатында қажетті инфрақұрылымдық жұмыстар жүргізілді.
«Хан Ордалы Сарайшыққа» туристер ағылды
Сондай-ақ 13-14 ғасырлардағы «Жайық жауһары» саналатын «Хан Ордалы Сарайшықтың» орнынан ашық аспан астындағы музей жасақталып жатыр. Жыл басынан бері көне қаланы тамашалауға 3 мыңнан астам турист келді.
Арыстанбек Кенже, тілші:
- Өңірде қалыптасып келе жатқан қолайлы инвестициялық климат бизнес өкілдерінің қызығушылығын арттыруда. Өткен алты айда туризм саласына 22 млрд 300 млн теңгеден астам қаражат құйылды. Нәтижесінде жаңа қонақ үйлер мен сапаржайлар салынып, күре жол бойынан 8 әлеуметтік нысан бой көтеріп келеді.
Авторлары: Арыстанбек Кенже, Амантай Мәтенов