Өзбекстанда қымызға сұраныс артты

Өзбекстанда соңғы жылдары қазақтың ұлттық сусыны – қымызға сұраныс артты. Сондай-ақ жылқы етінен тағам әзірлейтін арнайы дәмханалар көптеп ашылып, ол орындар жергілікті халықтың сүйікті орнына айналған. 

Мадияр Шерманов – ата кәсіпті дөңгелетіп отырған жандардың бірі. Жеті бие байлап, саумалы мен қымызын арысы – Ташкентке, берісі – ауылға сатады. Сұраныстың көп болғаны сонша, өнімдерін тек тапсырыспен өткізеді.

Мадияр Шерманов, Жұдырық ауылының тұрғыны:

- Кафелерге 100-150 литр апарамыз. Сұраныс көп өте. Клиенттер мына күні керек еді деп айтып қояды. Алдағы уақытта 10-15 жылқы сауамыз.

Жұдырық ауылында қалың қазақ қоныстанған. Дені бие байлап, мал бордақылайды. Жергілікті тұрғындардың айтуынша соңғы жылдары қамбар ата тұқымының еті мен сүтіне қызығушылар едәуір көбейіпті.

Сүйіндік Қалыбеков, Жұдырық ауылының тұрғыны:

- Қазақ халқы ғана емес, өзбек халқы да жылқының етіне, сүтіне, саумалына қызығып, емдік қасиеті зор болғандықтан көпшілік жерде саумалды іздеп ішетін жағдайға жетті.

Жақсылық Жорықбаев, Шыршық қалалық қазақ ұлттық мәдени орталығының төрағасы:

- Қымыздың көп дертке дауа екенін өзбек ағайындар енді түсініп жатыр. Қазір ауылдарға барсаңыз, бие байлайтындар, әлгі қымыздарды тойханаларға өткізіп, тіршілік істеп жатқандар көбейді.

Қандастарымыздың қымызға деген сұрынасты тиімді пайдаланып, өндірісті жолға қоюы ұлттық дәстүрді сақтап, оны жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік бермек.

Сондай-ақ оқыңыз: