Қарағандыда 17 күзетшіге екі ай бойы жалақы төленбеген
Қарағанды қаласының Әлихан Бөкейхан атындағы аудандық сотына ЖШС-де жұмыс істейтін 17 күзетші жалақы бойынша берешекті өндіріп алу туралы талап арызбен жүгінген, деп хабарлайды 24KZ.
Жұмыс беруші жалақы бойынша қарыздың пайда болуын тапсырыс берушінің шартты біржақты тәртіппен бұзып, көрсетілген қызметтер үшін ақы төлемеуімен түсіндірген.
Алайда Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне сәйкес, жұмыс беруші үшінші тұлғалардың міндеттемелерін орындауына қарамастан, қызметкерлерге жалақыны уақытылы әрі толық көлемде төлеуге міндетті.
Сот талқылауы барысында 17 күзетшінің өз еңбек міндеттерін толық орындағаны анықталды. Бұл кезекшілік кестелері және күзетілетін нысандардағы тауарлық-материалдық құндылықтарды тіркеу журналдары арқылы расталған.
Бұған дейін Қарағанды облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты аталған ЖШС-нің шартты бұзған контрагентке қатысты талабын қанағаттандырған. Сот шешімімен контрагенттен 10,8 млн теңге берешек өндірілген. Бұл шешім заңды күшіне енген.
Осы істі қараған аудандық сот күзетшілердің талаптарын негізді деп танып, оларды толық көлемде қанағаттандырды.
Нәтижесінде ЖШС-тен 17 жұмысшының пайдасына екі айдағы жалақы бойынша 3 млн теңгеден астам берешек өндірілді.
Сот шешімі заңды күшіне енді.