Бірыңғай туристік виза жобасы белгісіз мерзімге кейінге қалды

Араб елдері бірыңғай туристік виза енгізу жоспарын кейінге шегерді. Бастама биыл да іске аспай қалуы мүмкін.

Оның орнына өңірде қауіпсіздік және шекаралық бақылау шаралары күшейтілді. Мұның соңы туристік салаға кері әсер етеді деген болжам бар. Қазірдің өзінде шығанаққа сапар шегетін саяхатшылар саны едәуір азайған. 

Рауан Мыңбай, тілші:

- АҚШ-Иран қақтығысы шығанақ елдерінің ара-қатынасын өзгертті. Шиеленіс ширыққан кейінгі 6 айдан бері экономикалық бағыттағы бірлескен бастамалар баяу іске асып жатыр. Кейбірі тіпті тоқтап тұр. Айталық әмірлікте былтыр салына басталған казино жобасында кідіріс көп. Өйткені Ормуздағы жағдайға байланысты қажетті құрылыс материалдарын елге уақытылы жеткізу қиындаған. Заңды ойынхана бизнесіне қаржы салғандардың уайымы онсыз да аз емес еді. Енді оған туристік салаға қатысты алаңдаушылық қосылды.

Юсеф Хаммодей, туриcтік компания өкілі:

- Дубайдың туризм саласы мемлекеттік тұрғыда бақыланады. Бұрыннан қалыптасқан жүйе бар. Көшеде саяхаттап жүрген жұртты жиі кездестіресіз. Дегенмен биыл туристер санының кем екені анық. Ағын алдағы маусымда қалпына келуге тиіс. Өңірлік шиеленіс салдары тез жойылады деген сенімдеміз.

Саудия жерінде де туризм саласы өкілдерін қинайтын жайт жетерлік. Мемлекет тарапынан биыл бұл бағытқа бөлінген қаржы қайта қаралып, кей ауқымды жобалардың шығыны қысқарды. Соның бірі – Қызыл теңіз жағалауын туристік қалаға айналдыру жөнінде жоспар. Мамандар құны ондаған млрд долларға жуықтайтын істің аяқалысы қазір бәсең дейді. Ал мұнайдан тыс салалардан түскен табыс бюджет тапшылығын жоюға толық жетпеген. Сондықтан корольдік ұлттық әл-ауқат қоры активтерін игеру моделін қайта қарауға көшкен.

Стивен Грофф, экономист, Сауд Арабиясы Ұлттық даму қорының бұрынғы басқарушысы:

- Корольдік үкіметі экономиканы әртараптандыру керегін 10 жыл бұрын түсінді. Оған қажеттілік қазір қатты байқалып отыр. Мұнай әлемдік нарық үшін әлі де маңызды. Алайда қазіргідей тұрақсыздық кезеңінде басқа да кіріс көздерін дамытқан жөн. Ұзақмерзімді стратегиялар қомақты инвестицияны қажет етеді. Ал капитал ағынын арттыруға жаңа көзқарас керек.

 Ендігіде араб елдері экономикалық тұрғыда өзіндік мақсат- мүдделерін іске асыруға көбірек көңіл бөлері анық. Өйткені өңірлік шиеленіс, яки кейінгі жарты жылдан бергі тұрақсыздық қоңсы отырған мемлекеттердің бір-біріне деген көзқарасын біршама өзгертті. Мұндай жағдайда бірыңғай виза енгізу бастамасының жылдам жүзеге асуы екіталай. Демек шығанақта еуропалық үлгідегі ортақ туристік кеңістіктің қашан құрылары белгісіз.

 Авторлары: Рауан Мыңбай

Сондай-ақ оқыңыз: