Атырауда «Мерейлі отбасы» байқауының облыстық кезеңі қорытындыланды

Атырауда «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының облыстық кезеңі қорытындыланды.

Үздік деп танылғандарды облыс әкімі Болат Ақшолақов марапаттады. Жеңімпаздарға қаржылай сыйақы табысталып, құрмет-қошемет көрсетілді. Отбасы құндылықтары мен ұрпақтар сабақтастығын дәріптейтін жобаға биыл өңір бойынша 62 отбасы қатысқан.

Байқауда топ жарған жылыойлық Оспановтар әулеті. Ақай ата мен Балтөре әженің шаңырағынан өрбіген ұл-қыздар қазір әр салада табысты еңбек етіп жүр. Үздіктерді анықтаған комиссия мүшелері де отбасының белсенділігі мен бала тәрбиесіне қосқан үлесіне ерекше назар аударған. Жеңімпаздарды облыс әкімі Болат Ақшолақов құттықтап, марапаттады. 

Балтөре Оспанова, «Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпазы: 

- Немерелерім бар, жиендерім бар, шөберелерім бар. Бәрі жақсы. Солардың арқасында мен 95-ке келсем де жүріп жүрмін. Сол балалардың арқасы. Балаларым өзі өсті, өзі оқуларын оқыды. 

Өнегелі шаңырақтарды дәріптейтін байқауға 2014 жылдан бері облыс бойынша 800-ге жуық отбасы қатысқан.

Гүлнұр Сүйеуова, облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы:

- Сегіз бүгінгі шараға қатысушының төртеуі лауреат атанды. Ал төртеуі үшінші, екінші, бірінші орын және Бас жүлде иегерлері. Осы жылы жеңімпаз болып, Жылыой ауданындағы отбасы марапатталды, Оспановтар. Бұл жерде бұл отбасындағы балалардың жетістігі, ата-анасының ұлттық құндылықтарды, жалпы отбасы құндылықтарын дәріптеуге арналған өздерінің тәрбиесімен ерекшеленіп отыр. 

«Мерейлі отбасы» байқауы ұлттық және отбасылық құндылықтарды насихаттауда ерекше маңызға ие. Он жылдан астам уақыт ішінде байқауға ел бойынша 20 мыңнан астам үлгілі шаңырақ қатысып, отбасы институының нығаюына үлес қосқан. 

Асланбек Шығыр, Айбек Байзақов, Амантай Матенов

Сондай-ақ оқыңыз: