Жамбыл облысында ғасырға жуық тарихы бар Түрксіб вокзалы жаңартылды

@kolikpress

Жамбыл облысы Тұрар Рысқұлов ауданында 1927 жылы салынған тарихи Түрксіб станциясының теміржол вокзалы күрделі жөндеуден кейін қайта пайдалануға берілді, деп хабарлайды «24KZ».

Нысанның салтанатты ашылу рәсіміне облыс әкімі Ербол Қарашөкеев арнайы қатысып, атқарылған жұмыстармен танысты. Жалпы ауданы 1 301 шаршы метрді құрайтын екі қабатты ғимарат заманауи талаптарға сай толықтай жаңғыртылды.

Облыс әкімі ашылу рәсімі барысында бұл тарихи нысанның өңір үшін маңызы зор екенін атап өтіп, жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасын арттыру маңызды екенін жеткізді. Қайта жаңарту аясында шатыр толықтай ауыстырылып, сыртқы және ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілді. Кәріз, су, жылу және электрмен жабдықтаудың барлық инженерлік желілері жаңартылып, перрон мен іргелес аумақ толық абаттандырылды.

Ғимараттың қасбеті ұзақ мерзімге төзімді травертинмен қапталып, жертөлесі отандық гранит плиталарымен әрленді. Энергия тиімділігін арттыру мақсатында энергия үнемдейтін терезелер мен алюминий витраждар орнатылды, ал ішкі әрлеуде жанбайтын қауіпсіз материалдар пайдаланылды.

Жаңартылған вокзал мыңдаған тұрғын мен туристерге қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ оқыңыз: