Ақмола облысында аурухана ғимараты жаңғыртылып жатыр

Ақмола облысының шалғай ауылдарында 4 дәрігерлік амбулатория салынып жатыр. Ауыл медицинасын дамытып, тұрғындардың денсаулығын жақсарту үшін, заманауи ғимараттың болуы маңызды.

Амбулаториялар жыл аяғына дейін пайдалануға беріледі. Халықтың еміне қажетті жабдықтар алынады. Одан бөлек, 4 аудандағы ескі ауруханаға күрделі жөндеу жасалып жатыр. 

Шортанды ауданындағы аурухана ғимараты өткен ғасырдың жетпісінші жылдары салынған. Содан бері күрделі жөндеу көрмеген. Ауылда қолайлы жағдай болмағаннан кейін, тұрғындар ем іздеп басқа қалаға баратын. 

Жұмабек Әбдірахманов, Шортанды ауылының тұрғыны:

- Баяғы кезде Астана, Көкшетауға баратынбыз. Қазір медициналық көмекті осы жерден аламыз. Ол қарт адамдарға, зейнеткерлерге өте жақсы.

Халықтың көп жылғы қиындығы артта қалды. Ескірген ғимарат толығымен жаңартылып жатыр. Нысанның едені мен қасбеті жаңартылып, су, жылу, кәріз, электр және байланыс желілері қайта жүргізілді. Нысанды жаңғыртуға 1 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінді. Аурухана жақында ел игілігіне тапсырылады.

Бекжігіт Сәрсенов, Шортанды аудандық ауруханасының бас дәрігері:

-  Бұл жалпы Шортанды ауданы тұрғындарының сапалы медициналық көмек алу сапасын арттырып, оның қолжетімділігін арта түседі. Яғни толықтырып айтсам, қосымша төсек-орындар ашылып, босану бөлімі қайтадан іске қосылады. Біздің ауруханамызға КТ аппарат беріліп отыр. Қазір сол аппаратқа ғимарат салынуда. Жоспар бойынша қазан айында КТ апаратты іске қосамыз.

Жалпы ауыл-аймақтағы медициналық мекемелер кезең-кезеңмен жаңғыртылуда. Былтыр екі аурухана ғимараты жөнделсе, биыл төрт нысанға күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр.

Нариман Ермек, облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

- Биыл төрт аурухананың күрделі жөндеу жұмыстарына облыс бюджетінен 3,6 млрд теңге бөлінді. Атбасардағы балалар емханасы мен Шортанды ауданындағы жұмыстар аяқталып қалды. Ал Степногорск қаласы мен Ақкөл ауданындағы ауруханалар жылдың соңына дейін іске қосылады. Бұдан бөлек, Қосшы қаласында жеке инвестиция есебінен жаңа емхана салынып, пайдалануға берілді.

Бұдан бөлек, облыс орталығында 630 орындық көпбейінді аурухананың құрылысы жүріп жатыр. Емдеу мекемесі заманауи диагностикалық құрылғылармен жабдықталады. Нысан жеке инвестиция есебінен салынуда. Медициналық мекеме келесі жылы пайдалануға беріледі.

Авторлары: Абзал Азаматұлы, Евгений Шинкаренко

Сондай-ақ оқыңыз: