Ақтөбе облысында тұрғындар пластик қалдықтарынан ауласын абаттандырады
Екатерина Чубарь ауласын гүлмен көмкеріп қана қоймай, түрлі мүсіндермен безендірген. Бұл мүсіндерді пластиктен өзі жасайды.
Құстар мен өзге де сәнді бұйымдар кәдімгі пластик шөлмектер мен қолжетімді материалдардан тұрады.
Катяның кереметтері. Иманғали Білтабанов ауылындағы бұл үй алыстан менмұндалайды. Аула маңы мен үй ауласы жасыл желекпен көмкерілгені өз алдына Екатерина Чубарьдың қолынан шыққан аққұтан, қоқиқаз, аққу және үкі сияқты құстардың мүсіндері аулаға ерекше сән беріп тұр.
Екатерина Чубарь, Иманғали Білтабанов ауылының тұрғыны:
- Бұл жағдайда 20 литрлік пластик канистр және шамамен 7-8 бес литрлік пластик бөтелке керек. Бөтелкелерден қауырсындар қиып аламын. Одан кейін шаңсорғыштың шлангісінен құбыр жасаймын. Ал аяқтарына карниз қолданамын. Жалпы бәрін қолда бар заттардан жасаймын. Кіріссеңіз, мұндай құсты екі күнде, яғни екі кеште жасап шығуға болады.
Құстар мен гүлдердің мүсіндерін жасауға қажетті материалдарды Екатеринаға туған-туыстары мен көршілері әкеліп береді. Пластиктен бөлек, ол тастардан гүлзар жасайды.
Екатерина Чубарь, Иманғали Білтабанов ауылының тұрғыны:
- Далада қоқыс болып жатқанынан, кәдеге жаратқан әлдеқайда жақсы ғой. Балаларым, немерелерім, көршілерім – бәрі риза. Жалпы ауылға кім келсе де, бәрі қызығады. Есігім де әрдайым баршаға ашық. Келгендер қарап, таңданып, суретке түседі.
Гүлнәр Түркісинова, Иманғали Білтабанов ауылының тұрғыны:
- Ол кісі өте жан-жақты. Ол кісінің ауласының өзі, жалпы ізденімпаздығының өзінен өте көп нәрсені үлгі етуге болады. Сіз сияқты арнайы іздеп келетін адамдар өте көп.
Екатерина Чубарьдың ауласында гортензия, флокс, меруертгүл сынды гүлдер де өседі. Ауласын абаттандырып, қолда бар материалдардан қолөнер бұйымдарын жасаумен қатар, ол балық аулауды да ұнатады. Үй аумағын әсемдеуге қатысты жоспары әлі де көп.
Авторлары: Арыстанбек Кенже, Наталья Салькова, Айнадин Молдабеков