Оңай табыс ұсынған: Қазақстанда халықаралық есірткі желісі жойылды

фото: polisia.kz

Қазақстандық құқық қорғау органдары адамдарды жұмысқа орналастыруды сылтау етіп, есірткі бизнесіне тартқан халықаралық қылмыстық желіні жойды. Операция бір жылдан астам уақытқа созылып, бірнеше елде қатар жүргізілген, деп хабарлайды 24KZ.

Қылмыскерлер өздерін жұмыс беруші ретінде таныстырып, байланыс орталықтары арқылы оңай табыс табуға уәде берген. Осылайша курьерлер, химиктер, логистер мен операторларды қылмыстық желіге тартқан.

Украинада жүргізілген ондаған тінту кезінде төрт мыңға жуық цифрлық дәлелдеме тәркіленді. Олар Telegram желісіндегі 31 есірткі дүкенін анықтауға және жүздеген адамның қылмыстық іске тартылғанын білуге мүмкіндік берген.

Қазақстанда да бірқатар тінту мен ұстау шаралары жүргізілді. Операцияның соңғы кезеңінде синтетикалық есірткі араласқан 24 келі қоспа, мыңдаған дайын шиыршықталған темекі мен оралған есірткі пакеттері тәркіленді.

Қазір қылмыстық желінің жеті мүшесі ұсталды, тағы тоғыз адамға айып тағылған.

Бұл сандардың артында таралмаған мыңдаған есірткі дозасы тұр. Бұл адамдардың денсаулығын сақтап қалу, отбасыларды есірткіге тәуелділіктен қорғау және азаматтарды қылмыстық бизнеске тартылудан аман алып қалу деген сөз. Халықаралық желіні ұйымдастырушылар мен оның барлық қатысушыларын анықтау бойынша жұмыс жалғасуда, – деді ҚР ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары Қуандық Әлжанов.

Құқық қорғау органдары халықаралық желінің ұйымдастырушылары мен барлық қатысушыларын анықтау жұмыстарын жалғастырып жатыр.

Сондай-ақ оқыңыз: