Елде инфляция деңгейі төмендеді
Қазақстанда жылдық инфляция қатарынан үш ай төмендеп, тамызда 9,8 пайызды көрсетті.
Шілдеде бұл көрсеткіш 10,2 пайыз болған. Осылайша, жылдық инфляция алғаш рет 10 пайыздан төмендеді. Мемлекет басшысының Үкімет пен Ұлттық банкке инфляцияны бір таңбалы деңгейге түсіру жөнінде берген тапсырмасы орындалды. Оған әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізімін 19-дан 31 атауға дейін ұлғайту, белгіленген 15 пайыздық сауда үстемесінің сақталуын тұрақты бақылау, тиімсіз делдалдарды анықтап, олардың санын қысқарту сынды шешімдер әсер етті. Көкөніс, жеңіл автокөлік, планшеттер мен медицина маскаларының біршама арзандағаны байқалады. Ендігі міндет – алдағы үш жылда бағаны кезең-кезеңімен төмендету. Үкіметтің жаңа құрамының алдында инфляцияны одан әрі тежеу негізгі басымдықтың бірі болып қала береді.