Қазақстанда кофе ішетіндер саны шамамен 40% өсті
Елімізде кофе ішетіндердің саны артып жатыр. Өткен жылғы кезеңмен салыстырғанда олардың қатары шамамен 40 пайызға өскен. Тиісінше, бұл хош иісті сусынды сататын нүктелер де көптеп ашылуда. Бүгінде елде 4 мыңға жуық кофехана тіркелген, деп хабарлайды 24KZ.
Вьетнамда робуста кофесінің жиын-терімі басталды. Биылғы өнімнің әлден-ақ экспортқа шығуына байланысты сарапшылар әлемдік нарықтағы бағаның төмендеуін болжап отыр. Робуста сұрпының негізгі экспорттаушысы – Бразилияның реалы әлсіреген тұста, нарық бағасының құлдырауы заңды құбылыс. Жалпы халықаралық кофе ұйымының мәліметінше, 2025-2026 жылғы маусымда кофе өндірісі 4,4 пайызға өскен. Нақтырақ айтса, соңғы 12 айда 183 млн-нан астам қап кофе өндіріліпті. Ал тұтыну көрсеткіші одан кем – 180 млн ғана. Осылайша, соңғы бес жылда алғаш рет кофе нарығында профицит туындады. АҚШ ауыл шаруашылығы министрлігінің болжамынша, ендігі маусымда кофе өндірісінің көлемі тағы 6 пайызға артпақ. Бұл әлемдік кофе қоры 26 млн қаптан асады деген сөз.
Қазақстанға импортталатын кофе көлемі артты
Ал Қазақстан үшін бұл нені білдіруі мүмкін? Арзан бағадағы кофе импорты артпаса, кемімейтіні анық. Өйткені елде тұтыну көрсеткіші тұрақты түрде ұлғайып келеді. Биылғы жарты жылда Қазақстанға 3200 тонна кофе импортталыпты. Бұл былтырғымен салыстырғанда 38 пайызға артық. Сонымен қатар 2015 жылдан бергі ең жоғары рекордтық көрсеткіш. Ақшалай шаққандағы сома да біршама көбейген: алты айда алдыртқан кофеге 27 млн астам АҚШ доллары жұмсалды. Былтыр жарты жылда жаратқан сомадан бұл 30 пайызға артық. Импорттың 40 пайызы қуырылмаған арабика сұрпына тиесілі екен.
Елде 50 шақты кофехана желісі жұмыс істейді
Сонымен ішкі нарыққа жеткен кофе, сіз бен біздей тұрғындардың қалауынша ішетін сусынға айналады. Жарты жылда жеткізілген өнім соңғы он жылда рекордтық деңгейге жеткенін әлгінде айттық. Демек кофеге деген сұраныс күннен күнге арта түсуде. Тугисте кофе сусынын сататын 2053 орын көрсетілген екен. B2B list платформасының дерегінше, елде 3 800-ден астам кофехана тіркелген. Ең көбі Алматыда: мұнда 940 сауда нүктесі бар. Екінші орында Астана: бас шаһарда 600-ден астам кофехана жұмыс істеп тұр. Шымкент үшінші орында – 424. Қарағанды мен Маңғыстау облыстарында да кофе қайнататын орын жетерлік. Кофе экономикасының құрылымын тек оны саудалайтын орынмен сараптау әбестік болар. Хош иісті сусын ұсынатын мейрамхана, дәмханалардан бөлек елде 50-ден астам кофехана желісі бар. Кофе сататын шағын нүктенің өзі басқарушы, бариста, сатушы-кассир сияқты 3-4 адамды жұмыспен қамтыса, аспаз-кондитер жалдайтын ірілі-ұсақты франшизаға жұмылғаны одан көп. Сонымен бірге Қазақстанға әкелінген шикізатты қуыру, қаптау, сапасын бақылау тізбегін естен шығармаған жөн. Қуырылған арабика, робуста сұрыптарын ұсынатын дистрибьютер көп болмағанымен, бұлар да ішкі нарықта өз орнын тапқандар. Кофемашинаны жөндеу, қондырғыны орнату, баристаны оқыту сияқты қатар жүретін қосалқы қызмет тағы бар. Кофе экономикасына нақты қанша адам жұмылғаны белгісіз. Алайда бұл сектордың қызмет көрсету саласына салмақты үлес қосып жатқаны айдан анық.
Кофе ыдысын өндірушілер қолдауға зәру
Қазақстан кофе өндірмесе де, кәсіпкерлердің сусынға қажет ыдыс-аяқты шығаруға шамасы бар. Мәселен, Астанада биыл кофе қақпағы мен қағаз ыдыс жасайтын шағын өндіріс іске қосылды. Толық қуатына енсе, тәулігіне 65 мың данасын өндіре алады. Бүгінде цехтан шыққан өнім бас шаһардан бөлек, Алматы мен Қарағандыға жеткізіледі. ««Логистиканы жолға қойсақ – Қазақстанның басқа да қалаларына тасымалдауға дайынбыз»», – дейді өндіріс басшысы.
Шолпан Елмұратова, Lids & Leads компаниясының бас директоры:
– Қағаз стакан мен кофе қақпағының өзіндік құны импорттық тауармен тең. Тек шетелдік импорттаушылар елдерінде мемлекеттік субсидия алады. Сондықтан тауарға төмен баға қойып, отандық өндірушілермен бәсекеге түседі. Осы тұрғыдан біраз қиындау. Бізге де осындай жеңілдіктер қарастырылса жақсы болар еді. Әйтпесе, сапа жөнінен біздің тауар олардан артық болмаса, кем емес.
Ол рас, Қазақстанда кофе ыдысын, қақпағын шығаратындар бірен-саран ғана. Ресей мен Қытайдан әкелінетін импорттық тауарды отандық өніммен алмастыруға біраз уақыт, күш-қуат пен қаражат қажет-ақ. «Шикізат өндірушілері мен мемлекет тарапынан қолдау болса – жергілікті өндірісті ширата түсуге болар еді», – дейді шағын кәсіп жетекшісі. Бүгінде шағын бизнес 4 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Сондықтан кофе алғанда есіңізде жүрсін – сіз де тамшыдай болсын, отандық экономикаға үлес қосып жатырсыз!