Жетісу облысындағы ауылда жаңа мектеп ашылды
Жетісу облысының Рудничный ауылында 200 оқушыға арналған заманауи мектеп ашылды. Білім ошағы қайтарылған активтер есебінен салынды.
Құрылысқа 2,5 млрд теңге жұмсалды. Енді ауыл балалары заманауи үлгіде жабдықталған мектепте білім алады.
Мектепте жарық әрі кең сынып бөлмелері, эргономикалық парталар, мультимедиялық кабинеттер, еңбекке баулу және робототехника сабағына арналған шеберханалар бар. Жаңа оқу жылында ауыл балалары замануи мектептің игілігін көреді. Бұл ауылдықтардың көптен күткен қуанышы.
Айнұр Жақия, ауыл тұрғыны:
- Бұрынғы мектептеріміздің барлығы қолайсыз, суық, барлық жағдай жасалмаған. Қалың киім киіп, солай жүретін. Ал енді қазіргі мектебіміз заманауи, барлық жабдықтармен жабдықталған, балаларымыз да қуанышты, біз де қуаныштыиыз.
Мектепті салуға 2,5 млрд теңге жұмсалды. Оқу ғимараты қайтарылған активтер есебінен салынды. Оқу кабинеттерінен бөлек, мектепке дейінгі балаларға арналған шағын орталық, асхана, заманауи спорт және акт залдары бар. Оқушылардың қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлінген. Мектеп ішіне 38 бейнебақылау камерасы орнатылды.
Мұрат Нұрмұханов, облыстық прокуратураның басқарма басшысы:
- Жетісу облысында соммасы 42 млрд теңгені құрайтын 29 әлеуметтік нысан салынған. Оның ішінде 4 мектеп, 21 медициналық аурухана бар және 4 сумен жабдықтау.
Биыл Білім күні Жетісу облысы бойынша мектеп табалдырығын 130 мыңға жуық бала аттады. Жаңа оқу жылында екі жаңа мектеп ашылса, тағы екі білім беру нысаны күрделі жөндеуден кейін қайта пайдалануға берілді.
Дәурен Жүнісов , облыстық білім басқармасының басшысы:
- Жылдың соңына дейін тағы да екі мектеп пайдалануға беріледі. Жаңа құрылыстар бойынша Үштөбе қаласында 600 орындық мектептің құрылысы басталды, Көксу ауданында 600 орындық мектеп басталды және де жылдың аяғына дейін 1200 орындық Талдықорған қаласында мектеп салу жоспарлануда.
Жалпы соңғы төрт жылда өңірде 24 мектеп салынып, 27 білім ошағына күрделі жөндеу жүргізілді.
Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Гүлнар Жантасова, Қуаныш Тұрғынбаев