Ақтөбеде әсері күшті дәрілерді заңсыз тасымалдаған қылмыстық топ ұсталды
Ақтөбе облысында күшті әсер ететін дәрілік заттарды заңсыз өткізумен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топтың жолы кесілді, деп хабарлайды 24KZ Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшті әсер ететін заттардың заңсыз айналымы үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілген.
ІІМ мәліметінше, жедел-тергеу іс-шаралары барысында Алматы қаласындағы дәріханалардың бірінде жұмыс істейтін фармацевт өзінің қызметтік мүмкіндіктерін пайдаланып, күшті әсер ететін заттардың ірі партиясын Ақтөбе облысына жеткізуді ұйымдастырғаны анықталған.
Қылмыстық топ құрамында ұйымдастырушыдан бөлек, операторлар, заттарды ораумен және жасырумен айналысқан адамдар болған. Құқық қорғау органдары жүргізген арнайы операция барысында топтың барлық мүшесі ұсталды.
Заңсыз айналымнан мыңнан астам дәрілік препарат тәркіленді.
ІІМ күшті әсер ететін заттардың заңсыз айналымы үшін 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылатынын ескертеді, - деді ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитетінің аға жедел уәкілі Үмітбек Фархадов.