Өңірлердегі әуежайларды жаңғыртуға 40 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді
Қазақстанда мемлекетке қайтарылған активтер есебінен өңірлердегі көлік инфрақұрылымы жаңартылып жатыр. Бұл бағытта жалпы құны 40 млрд теңгеден асатын алты ірі жоба жүзеге асырылуда, деп хабарлайды 24KZ ҚР Бас көлік прокуратурасына сілтеме жасап.
Прокуратураның мәліметінше, Мемлекет басшысының тапсырмасымен қазірдің өзінде мемлекет меншігіне 1 трлн теңгеден астам актив қайтарылған. Қаражат мектеп, аурухана, спорт және басқа да әлеуметтік маңызы бар нысандардың құрылысына бағытталуда.
Көлік саласындағы алты жобаның үшеуі аяқталған. Солардың бірі – Павлодар әуежайын реконструкциялау. Ұзақ уақыт бойы әуежайдың жағдайы өңірдегі әуе қатынасының дамуын шектеп келген.
Арнайы мемлекеттік қор қаражаты есебінен әуежайдың ұшу-қону жолағы жаңартылды. Нәтижесінде оның өткізу қабілеті сағатына 200-ден 300 жолаушыға дейін артты.
Арқалық қаласында да әуе қатынасы қайта жанданды. 30 жылдан астам уақыт бойы қала мен оған жақын аудандардың тұрғындары толыққанды әуе қатынасын пайдалана алмаған.
Биыл 22 тамызда қайтарылған активтер есебінен Арқалық әуежайының жаңа терминалының құрылысы мен ұшу-қону жолағын реконструкциялау жұмыстары аяқталды.
Бұдан бөлек, биыл 1 маусымда Балқаш әуежайы пайдалануға берілді. Оны жыл сайын мыңдаған тұрғын мен турист пайдаланады.
Прокуратура өкілдерінің айтуынша, әуежайларды жаңғырту тек жаңа ғимараттар мен ұшу-қону жолақтарын салумен шектелмейді. Бұл ең алдымен ұшу қауіпсіздігін арттырып, өңірлердегі әуе қатынасын жақсартуға және олардың экономикалық дамуына жаңа мүмкіндік береді.
Осылайша, мемлекетке қайтарылған активтер нақты жобаларға бағытталып, халықтың игілігіне жұмсалып жатыр.
Бас көлік прокуратурасы көлік саласындағы жобалардың заңға сай іске асырылуын және мемлекеттік қаражаттың мақсатты жұмсалуын бақылауды жалғастырады.