Түлектер алаңдаушылық білдірген «Абай ұлттық мектебінде» не болып жатыр?

Фото: Абай ұлттық мектебі

«Абай ұлттық мектебіндегі» жағдай Оқу-ағарту министрлігінің Орта білім комитетінің бақылауында. Бұл туралы ведомство мәлімдеді, деп хабарлайды «24KZ».

 Ведомствоның мәліметінше, мектеп басшысыз қалған жоқ. Қазіргі уақытта директордың міндетін атқарушы белгіленген және білім беру процесінің үздіксіздігі қамтамасыз етілген.

 Мектептің бұрынғы басшылығы 2026 жылғы мамыр-маусым айларында жүргізілген ішкі мемлекеттік аудит аяқталғаннан кейін өз еркімен қызметтен кеткен.

Аудит 2023 жылғы 1 қаңтардан 2025 жылғы 31 желтоқсанға дейінгі кезеңді қамтыған. Оның қорытындысы 9 шілдеде Министрліктің ресми ресурсында жарияланды.

 Аудит нәтижесінде 10,8 млрд теңгеден астам бұзушылық анықталған. Оның ішінде 10,4 млрд теңге қаржылық бұзушылықтарға жатады. Атап айтқанда, 10,2 млн теңге бюджетке қайтарылуға, 10,4 млрд теңге қалпына келтірілуге тиіс. Сонымен қатар 370,6 млн теңге көлемінде рәсімдік бұзушылық анықталған.

 Аудит қорытындысы бойынша құқық қорғау органдарына шешім қабылдау үшін төрт материал жолданған. Әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша 24 айыппұл салуға қатысты құжаттар да жіберілген. Ал нақты тұлғалардың кінәсі мен жауапкершілігін анықтау уәкілетті органдардың құзыретінде.

 Министрлік тұрақты директорды тағайындау мәселесі де қарастырылып жатқанын хабарлады. Бұған 2026 жылғы 1 шілдеде күшіне енген «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» жаңа заңның талаптары себеп.

 Заңның 89-бабына сәйкес, мемлекеттік заңды тұлғалардағы басқарушылық лауазымдарға қабылдау тек конкурс арқылы жүзеге асырылады. Конкурсты өткізу тәртібін мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті орган Қазақстан Республикасы Үкіметінің Аппаратымен келісіп бекітуге тиіс.

 Қазіргі уақытта тиісті қағидалар бекітілу рәсімінен өтіп жатыр. Олар күшіне енгенге дейін Министрліктің конкурс өткізуге немесе тұрақты директорды тікелей тағайындауға құқықтық негізі жоқ. Ведомство өкілдері конкурссыз тағайындау заң талаптарын бұзатынын атап өтті.

 Қағидалар күшіне енгеннен кейін директордың бос лауазымына ашық конкурс жарияланады.

 Қазір «Абай ұлттық мектебінде» Оқу-ағарту вице-министрі Жайық Шарабасов, Қаржы және мемлекеттік сатып алу департаменті директорының орынбасары Елнар Сабыр және Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының вице-президенті Гүлшат Мұхтарханова жұмыс жүргізіп жатыр.

Министрлік өкілдері мектептегі оқу процесінің ұйымдастырылуын бақылауда ұстап отыр.

Бұған дейін «Абай ұлттық мектебінің» бір топ түлегі білім ордасындағы бірқатар мәселеге алаңдайтынын айтып, тиісті органдардан жағдайға назар аударуды сұраған. Түлектер мектептегі басқару, оқу процесі, педагогтердің жүктемесі және интернат жұмысына қатысты мәселелерді көтерген.

«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз

Сондай-ақ оқыңыз: