9,3% өсім: елде ет өндірісі өркендеді
Қазы мен шұжық халықаралық стандарқа ие болуы мүмкін. Қазақстан жылқы етінен жасалған дайын өнімдерге арналған ISO халықаралық стандартын әзірлеуді ұсынды.
Бұл қазы мен шұжықтан бастап жал-жаяға дейін экспорттауға мүмкіндік береді дейді мамандар. Биыл елде ет өндірісі артты. Бірінші жартыжылдықта әр қазақстандық жан басына шаққанда 21 келіге жуық ет тұтынды. Бұл аз ба, көп пе? Нарықтағы тың деректерді шолушы әріптесім айтады.
Рухани Әбдірахман, тілші:
- Елде ірі қара, ұсақ мал және жылқы етінің өндірісі айтарлықтай өсті. Биылғы 7 айда 48,2 мың тонна ет өндіріліп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өсім 9,3%-ға жетті. Қазақстандықтар ет және өңделген ет өнімдерін тұтыну көлемін бәсеңдеткен жоқ. Ұлттық статистика бюросының дерегі бойынша, бірінші жартыжылдықта тұрғындар жан басына шаққанда 20,7 келі ет жеді. Бұл – былтырғы деңгейден сәл асады.
Тұтыну көлемін одан әрі жіктеп айтсақ, сиыр етіне сұраныс артып тұр. Бірінші жартыжылдықта 1 тұрғын орта есеппен 6 келі тұтынды. Жылқы етін тұтыну бір жылда 5 жарым пайызға артып, жан басына шаққанда 2,2 келіге жетті. Сарапшылар кейінгі 5 жылда елде жылқы етін тұтыну көлемі өзге ет түрлеріне қарағанда айтарлықтай өскенін атап өтті. Сонымен қатар жыл басынан бері әр қазақстандық шамамен 1 келіден аса қой етін тұтынды.
Ет бағасын бақылап жүрсіз бе? Сарапшылар шілде айында базар сөрелеріндегі жылқы, сиыр, қой етінің бағасын бағамдады. Мысалы, сиыр етінің келісі ел бойынша орта есеппен 3800 теңге болды. Республикалық маңызы бар қалалар мен облыс орталықтары ішінде ең жоғары баға – Алматыда, ал ең арзаны Ақтөбеде тіркелді. Жылқы етінің орташа бағасы ел бойынша 4300 теңге шамасында болса, ең арзан қой еті Көкшетау қаласында сатылған.
Құзырлы министрлік өкілдері мал бағып отырған шаруаларды қолдау тетіктері жетілдірілгенін хабарлады. Субсидиялаудан гөрі жеңілдетілген несиенің қолжетімділігін арттыруға басымдық беріле бастады.
Субсидиядан төмен пайыздық несиеге көшу
Зәуре Хамитова, ҚР АШМ Инфрақұрылымды және мал шаруашылығын мемлекеттік қолдауды дамыту басқармасының басшысы:
- Биыл 27 млрд қарастырылып отыр. Қазіргі уақытта 16 млрд теңге игерілді. Кешенді жоспарға сәйкес қазіргі уақыттағы саясат субсидиялардан аз пайызбен берілетін жеңілдетілген несиелерге көшу қарастырылып отыр. Наурыз айынан бастап «Игілік» және «Береке» деген бағдарлама іске қосылды. 6%-бен кредиттер беріледі. Қаржыландыруды тиімді жасау үшін Аграрлық-несие корпорациясымен берілетін кредит, қазіргі уақытта каналдарын ұлғайтып жатырмыз.
Қазы халықаралық сертификатқа ұсынылды
Қазы мен шұжық халықаралық стандарқа ие болуы мүмкін. Қазақстан осындай бастама көтеріп, жылқы етінен жасалған дайын өнімдерге арналған ISO халықаралық стандартын әзірлеуді ұсынды. Бұл – ұлттық дәм, қазы мен шұжығымыздан бастап, жал-жаяға дейін экспорттауға мүмкіндік. Қазір бұл өнімдерге арналған ішкі стандарт бар. «Сыртқы нарыққа арналған бірыңғай құжат әзірлеу – өндірушілер үшін неғұрлым түсінікті шарттар қалыптастып, халықаралық сауданы дамытуға ықпал етеді», - дейді бастамашылар.
Мәлік Сәулебай, «ҚазСтандарт» РМК бас директоры:
- Қазақстан үшін жылқы еті – дәстүрлі ұлттық өнім ғана емес, сонымен қатар экспорттық әлеуеті зор өнім. Бүгінгі таңда халықаралық деңгейде жылқы етінен жасалған дайын өнімдерге қойылатын бірыңғай талаптар жоқ. ISO стандартын әзірлеу сапа мен қауіпсіздікке қойылатын талаптарды үйлестіруге, саудадағы техникалық кедергілерді азайтуға және тұтынушылардың сенімін арттыруға мүмкіндік береді. Қазақстан қажетті тәжірибеге, сараптамалық әлеуетке ие және бұл жұмысты халықаралық деңгейде басқаруға дайын.