Шымкентте сұранысқа ие салаларға білім гранты бөлінді
Шымкентте кадр тапшылығын шешу үшін талапкерлерге қосымша білім гранты бөлінді.
Енді педагогика, құрылыс, инженерлік, ақпараттық технологиялар мен ІТ салалар бойынша 175 жас жергілікті бюджет есебінен оқытылады. Бұл бастама өңірдегі ең қажетті деген мамандықтардың әлеуетін арттырып, жастардың сапалы білім алуын қолдау болмақ.
Білім грантының иегері Аружан Шералы «Жасанды интеллект және деректер ғылымы» мамандығын таңдады. Қазір іргелі оқу орнында цифрлық технологиялардың тілін танып, жүйенің мүмкіндіктеріне терең бойлап жүр. Мемлекеттік қолдаудың арқасында үлкен мүмкіндік алған ол алдағы жауапкершілікті де жақсы түсінеді.
Аружан Шералы, студент:
- Күтпедім мен грантқа түсемін деп. Маған хабарласып, сіз грант ұтып алдыңыз деп айтты. Мен өте қуандым. Жасанды интеллект қазіргі уақытта қарқынды дамып жатыр. Сол себепті осы мамандықты таңдадым және өзіме ұнайды. Сұраныс та өте көп. Жұмыс таба аламын деп ойлаймын.
Еңбек нарығында ақпараттық технологиялар, киберқауіпсіздік және робототехника салаларына сұраныс артты. Жас мамандар үшін жаңарған білім беру бағдарламалары жасақталып, жетекші компанияларда тәжірибе алмасуына жағдай жасалды. Кадр тапшылығын жылдам шешу үшін бірқатар университетте үш жылдық оқыту форматы енгізілді.
Жанар Рысбекова, университет ректоры:
- Францияның сертификатымен ашылған арнайы мектеп бар. Соның ішіне келіп, олар қосымша практикаларын шыңдайды. Промпты жазып үйрету, кодты жазып үйрету, жасанды интеллектіні пайдалану арқылы осындай өнімдерін жасап жатыр. Осы оқу бағдарламасын бітірген, оқитын балалар өте жоғары сұранысқа ие.
Білім гранттарының келесі бөлігі педагогтар мен ветиринарлар, архитекторлар мен инженерлерді даярлауға бөлінді. Сондай-ақ жергілікті биліктің тапсырысымен өндіріс пен қызмет көрсету салалары қыржыландырылды. Жалпы 175 талапкермен үш жақты келісім шарт жасалды.
Айгүл Рүстемова, қалалық білім басқармасының бөлім басшысы:
- Оқу орнының арасында, әкімдіктің және білім алушының арасында арнайы үшжақты келісімшарт түзіледі. Келісімшарттың 2 негізгі талабы бар. Біріншісі – үш жылдық еңбек өтеуі болса, екінші осы әкімдік грантынан бас тартқан студенттер болса немесе осы талапты орындамаған болса, онда барлық оқу мерзіміндегі бюджет қаражатынан кеткен шығындарды өтейді.
Жергілікті бюджеттен бұл мамандық иелеріне шәкіртақы да тағайындалған. «Басты мақсат – қала экономикасының әлеуетін арттыру үшін еңбек нарығындағы кадр тапшылығын жою», - дейді мамандар.
Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Бекмұратов, Нұрмахан Мұсатов