Павлодар облысында заңсыз еңбек еткен шетел азаматтарына айыппұл салынды
Павлодар облысының Ақсу қаласындағы құрылыс нысандарының бірінде тиісті рұқсатсыз жұмыс істеген бес шетел азаматы анықталды, деп хабарлайды 24KZ.
Облыстық полиция жүргізген тексеру барысында бес шетел азаматының заңнама талаптарын бұза отырып, құрылыс жұмыстарын жүргізгені анықталды.
Аталған факті бойынша шетелдік азаматтарға қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылып, материалдар сотқа жолданды. Сот шешімімен құқық бұзушылар әкімшілік жауапкершілікке тартылып, әрқайсысына 15-тен 25 АЕК-ке дейін айыппұл салынды.
Сонымен қатар шетелдік жұмыс күшін заң талаптарын бұза отырып жұмысқа тартқан жұмыс берушіге 30 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды.
Жыл басынан бері осындай құқық бұзушылықтарға жол берген 104 жұмыс беруші әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – деді Павлодар облысы полиция департаменті көші-қон қызметі басқармасының бастығы Александр Кузьменко
Полиция шетел азаматтарын жұмысқа тартатын жұмыс берушілерді көші-қон және еңбек заңнамасының талаптарын қатаң сақтауға шақырды.
Заң талаптарын бұзу жұмыс берушілерге де, заңсыз еңбек қызметін жүзеге асыратын шетел азаматтарына да жауапкершілік жүктейді.