Қазақстанда әскери қызметтен зейнетке шығатындарға жұмысқа орналасуға көмектеспек
Қазақстанда әскери қызметтен зейнетке шығатын азаматтарға қызметтен босатылғаннан кейін емес, алдын ала жұмыс табуға көмектесетін жаңа тәсіл енгізу ұсынылды, деп хабарлайды 24KZ.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев «Әскери интеграциядан кейінгі қоғамдастығы» қоғамдық қорына барып, қызметін аяқтап жатқан азаматтарды кәсіби бейімдеу және жұмыспен қамту мәселелерін талқылады.
Қазір Қазақстанда еңбек сіңірген жылдары бойынша зейнетақы алатын 148,7 мың азамат бар.
Ұсынылып отырған жүйе бойынша әскери қызметшілерді жұмысқа орналастыруға дайындық қызметтен босатылуына шамамен алты ай қалғанда басталады. Осы кезеңде олардың кәсіби тәжірибесі мен дағдылары бағаланып, еңбек нарығында қандай бағытта жұмыс істей алатыны анықталады.
Одан кейін әр азаматқа жеке бейімделу жоспары жасалады. Қажет болған жағдайда қайта даярлау және оқыту курстарына қатысуға, сондай-ақ мансаптық және психологиялық қолдау алуға мүмкіндік беріледі. Бұдан бөлек, жұмыс іздеу мен жұмысқа орналасуға жәрдем көрсетіледі.
Министрдің айтуынша, мұндай тәсіл әскери қызметтен азаматтық еңбекке ауысатын азаматтардың тәжірибесі мен кәсіби дағдыларын тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.
Бастаманы алдымен Астанада сынақтан өткізу ұсынылып отыр. Пилоттық жобаның нәтижесіне қарай оны басқа өңірлерде де енгізу мүмкіндігі қаралады.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ынтымақтастық туралы меморандум әзірлеуге келісті.
Айта кетейік, қор бағдарламасы аясында әскери қызметтен кейін азаматтық мамандыққа ауысқан азаматтарға кәсіби кеңес, коучинг, психологиялық қолдау және жұмысқа орналасуға көмек көрсетіліп келеді.