Семейде қарызын өтемегендер жылусыз қалуы мүмкін

Семейде жүздеген отбасы қысқы маусымды жылусыз қарсы алуы мүмкін. Себебі қала тұрғындарының берешегі 580 млн теңгеге жуықтаған. 

Борышкерлердің басым бөлігі қарызын төрт айдан бері өтемеген. Осыған байланысты коммуналдық қызмет мамандары шараны күшейтіп, қарыз иелерін жылу жүйесінен ажырата бастады. 

Семейде жылыту маусымына дайындық жұмыстары қызу жүріп жатыр. Алайда бұл іске тұрғындар мен кәсіпорындардың жылу үшін өтелмеген қарызы кедергі. Қаражат тапшылығы жұмысшылардың жалақысын уақытылы төлеуге, жылу желілерін жөндеуге қажетті материалдармен қамтуға және кейбір үйлерге жылуды белгіленген мерзімде беруге қолбайлау болып отыр.

Айнұр Төлеубаева, жылумен қамтушы кәсіпорынның абоненттер бөлімі басшысының орынбасары:

- Жылыту маусымы сәуір айында аяқталды. Соған қарамастан, тұрғындардың 19 пайызы жылу ақысын уақытылы төлемеген. Әсіресе жеке секторда берешегі бар абоненттер көп. Қазір мұнда шамамен 180 абонент бар.

«Жылукоммунэнерго» мамандары рейд барысында 70 абонентті жылудан ажыратқан. Қалған тұтынушылар қарызын 15 қыркүйекке дейін өтеуі тиіс. Осы мерзімнен кейін үш айдан астам уақыт бойы төлем жасамаған борышкерлер жаппай жылу жүйесінен ажыратылмақ.

Динара Жақиянова, жылумен қамтушы кәсіпорынның абоненттер бөлімінің заңгері:

- Жеке тұлғалардың берешегі нотариустар арқылы атқарушылық жазба негізінде өндіріліп алынады. Ал дүкендер мен коммерциялық нысандар бойынша қарыз сот арқылы өндіріледі. Берешек өтелмесе, іс сот орындаушыларына жолданып, есепшоттарға тыйым салынуы мүмкін. Сонымен қатар қосымша шығындар қарастырылған.

Қазір жөндеу бригадалары қаланы қысқы маусымға дайындауда. Тұрғын үйлерге жылудың үздіксіз берілуін қамтамасыз ету үшін мамандар тозығы жеткен құбырларды ауыстырып, қазандықтар мен жылу пункттеріндегі жабдықтарды жаңартып жатыр. Бүгінде 26 шақырым жылу желісі жаңартылды.

Валерий Романченко, жылу желілері учаскесінің басшысы:

- Семейде шамамен 42 шақырым жылу желісін ауыстыру жоспарланған. Бұдан бөлек, жылу пункттері, қазандықтар мен жылу электр орталықтарында реконструкция жүргізілуде. Оң жағалаудағы бес орталық жылу пункті жаңғыртылып, жылу желілері мен жабдықтар толық ауыстырылады.

Қазір құрылыс алңдарындағы жұмыс кестеге сай жүріп жатыр. Мамандар жылыту маусымы басталғанға дейін барлық жөндеу жұмыстары аяқтауды жоспарлап отыр. 

Авторлары: Рүстем Қайратұлы, Мәди Базарбеков

Сондай-ақ оқыңыз: