Алматы облысында түзеу мекемесінде 16 кездесу бөлмесі ашылды
Жауғашты ауылында орналасқан түзеу мекемісінде заманауи кездесу бөлмелері ашылды. Енді жазасын өтеушілер кездесу уақытын алдын ала онлайн таңдай алады.
Жауғашты ауылындағы №10-шы мекемеде ұзақ мерзімді кездесуге арналған 16 бөлме ашылды. Мұнда тұрмысқа қажеттінің барлығы қарастырылыпты. Жазасын өтеушілер арасында жақындарымен жүздесіп қал-жағдай сұраса алады.
Дінмұхамед Балғабек, Алматы облысы мамандандырылған прокуратураның прокуроры:
- Облыс прокуратурасының үйлестіруімен жеке инвестордың қаражаты есебінен ұзақ мерзімді кездесулерге арналған 16 жаңа бөлме салынды. Балаларға арналған арнайы бөлме мен ас үй аймағы да қарастырылған. Мұның барлығы сотталғандар мен олардың жақындарына қолайлы жағдай жасауға, отбасылық байланысты сақтауға және сотталғандарды қоғамға қайта бейімделуіне ықпал етеді.
Елде әйелдер жазасын өтейтін екі мекеме жұмыс істейді. Соның бірі Жауғаштыда орналасқан. Қазір мұнда 445 сотталған қыз-келіншек бар. Оның тоғызы кәмелет жасына толмағандар. Сонымен қатар, 3 жасқа дейінгі баласымен бірге 14 ана отыр.
Жазасын өтеушінің туысы:
- Мына екі күндік кездесуге келдім. Бүгін екінші күнім. Бұл жерге бірінші рет келіп отырмын. Бұрын ескіге келетін едік. Мына балаларымызға келген кезде осындай ыңғайлы жерде балаларымызбен демаламыз.
Жазасын өтеуші:
- Бұдан алдын ескі бөлмеде кездесуге шығып жүрдік. «Бұрынғы ескісіне келгенде түрмеге келгенім білінетін еді, ал мына жер қонақ үй сияқты», - дейді кеше келген кезде анам.
Сотталғандарға екі айда бір рет, екі күнге жақындарымен кездесу мүмкіндігі беріледі. Алайда кездесу уақытын алдын ала жоспарлауы қажет. Өтінішті мекемеде орналасқан арнайы терминал арқылы онлайн жіберуге болады.
Авторлары: Ернұр Рысбай, Ғафу Уәли, Кенже Амраев