Қапшағайда 2 млн турист демалды
Қонаев қаласы биылғы шомылу маусымы кезінде су жағасындағы демалыс үшін ең танымал орындардың біріне айналды. Үш айдың ішінде онда 2 миллионан астам демалушы келген.
Өткен жылмен салыстырғанда туристер легінің 200 мың адамға артқаны байқалады. «Оған инфрақұрылымның дамуы және қауіпсіздік іс-шараларының күшейтілуі оң әсер етті», – дейді мамандар.
Қонаевтағы №5 коммуналдық жағажайға жұмыс күндері 2 мың адам келсе, демалыс күндері олардың саны 5 мыңға дейін жетеді. Мұнда былтыр ұзындығы бір шақырымдай жағажай аумағы абаттандырылғанын айта кетейік. Сондықтан қала билігі жағалауды одан әрі дамыту жұмыстарына инвестор тарту ісін жалғастырып жатыр.
Мейіржан Жансерік, Қонаев қалалық Спорт және туризм бөлімінің басшысы:
- Қонаев қаласында қазір жұмыс істеп жатқан 6 қалалық жағажай бар және 6-7 жағажай ол солтүстік жағалауда орналасқан. Ол жақта бізде инфрақұрылымды жақсарту жұмыстары басталып кеткен болатын және 56 бизнес нысан жұмысын бастады. Жалпы Қонаев қаласында 140 демалыс орны бар. Санитарлық тазалық жұмыстары бізде 5 қалалық жағажайда күнде 20 адам қызмет атқарады және жалпы есепте солтүстік жағалаудан осы жылда 975 тонна қоқыс шығарылды.
Наргез Пілтан, қала тұрғыны:
- Осы жылы Қонаев қаласында жағажайларды жақсы жасады. Одан кейін тағы да көбірек ақша бөлінсе, одан да жақсы болады. МЧС-ке біз ризамыз. Одан кейін тазалық енді, кішкене тазалық жағын ғана айта кетсек, адамдар артынан жинамай кетеді енді. Былай әкімдік жағынан жақсы жұмыс.
Өкінішке қарай, Қапшағай су қоймасында биылғы шомылу маусымы кезінде 15 адам суға кетті. Құтқару қызметінің мәліметінше, қайғылы жағдайлардың басым бөлігі рұқсат етілмеген жерлерде шомылу, алкогольдік ішімдік ішу және дауылды ескертулерді елемеу салдарынан болған.
Арман Мәкенов, Алматы облыстық ТЖД басқарма басшысы:
- Осы Төтенше жағдайлар департаментінің күштері, құралдары толықтай, тәулік бойы жұмыс атқарып, мыңдаған демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ете алдық деген ойдамын. Соның нәтижесі болар қазіргі таңда 9 мыңға жуық рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылып, 41 адам ажал отынан құтқарылды. Адамдардың шығыны былтыр 20 адам қайтыс болса, биыл 15 адам болып тіркеліп отыр.
Биыл №4 жағажайға инвестор тартылып, аумақты абаттандыру жұмыстары басталды. Мұнда келушілерге жыл бойы қызмет көрсететін мейрамхана салу жоспарланып отыр. Ал №6-7 жағажайды абаттандыру жұмыстары аясында ауызсу және кәріз жүйелері тартылып, қуаттылығы 380 кВт трансформатор орнатылды. Қалада тұрғындар мен туристердің қызығушылығын арттырған дәстүрлі Aspan FEST, халықаралық Oceanman ашық суда жүзу жарысы және дрифт-шоу сияқты бірқатар ауқымды мәдени және спорттық іс-шаралар ұйымдастырылғанын айта кетейік.
Ал алдағы жылы Қапшағай су қоймасында «Формула-1» халықаралық жарысын өткізу жоспарланып отыр.
Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Аят Дүйсембай, Аманжол Жөнкешов