Түркістан облысында «Ауыл аманаты» бағдарламасымен 1100 жоба мақұлданды
Биыл Түркістан облысында «Ауыл аманаты» бағдарламасымен 15 млрд теңгеден астам жеңілдетілген несиенің жартысына жуығы игерілді. Ауылдағы ағайын кәсібін ашып, нәпақа тауып отыр. Қалған қаржы жыл аяғына дейін үлестіріледі.
Жалпы биыл мыңнан аса жоба мақұлданды. Қаражат негізінен тұрмыстық және ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу ісіне беріледі. «Жоба жергілікті өндірісті дамытуға және жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді», - дейді мамандар. Бұл мәселе Президент Жолдауында да айтылған еді.
Жетісай тұрғыны Ермахан Бақытұлы «Ауыл аманаты» бағдарламасына алғаш рет қатысқан. Кәсіптің көзін таба білетін жігіт бұған дейін құрылыс заттарын өз күшімен шығарған. 10 млн теңге көлеміндегі жеңілдетілген несиеге бірден құрал-жабдықтар сатып алды. Қазір шағын цехында үйді жылыту мен әрлеуге арналған материалдардың түр-түрін шығарып жатыр. «Төмен пайызбен берілген несие бизнесімді дамытуға сеп болды», - дейді кәсіпкер.
Ермахан Бақытұлы, кәсіпкер:
- Осы жерге қалыптар, құрал-жабдықтар алдық. Тағы да қосымша заттары бар, пегмент деген заттар бар. Түрлерін көбейттік. Цехтың көлемін де ұлғайттық. Мысалы, алдында тек 200 ғана квадрат шығаратын болсақ, қазір 300-400 шаршы метрге шейін ойланбай бір күнде шығара аламыз.
Ал медицина қызметкерлеріне арналған киім тігетін кентаулық азамат та «Ауыл аманаты» бағдаралмасының игілігін көрді. Жоба аясында 30 млн теңге алған кәсіпкер Қарнақ ауылынан тігін цехын ашты. Сала мамандарына қажетті 25 түрлі арнайы киім тігеді. Сапалы өнімге сұраныс та жоғары. Қазір мұнда 50-ге жуық ауыл тұрғыны тұрақты жұмыспен қамтылған.
Севара Камолова , тігінші:
- Бізде қазір цехта тігіншілеріміздің саны – 35. Тағы үтікте, қаптама жасауда 5 жұмысшымыз бар. Бір айда 3 мың киім тігеміз. Кейде 3,5 мыңға дейін шығарамыз.
Мемлекеттік қолдаудың тиімділігін балық өсірушілерде көріп отыр. Мал бағып, құс шаруашылығымен айналысатын тұрғындарға да қаражат беріледі. «Ауыл аманаты» бағдарламасы ауылдағы кәсіпкерлікті жандандырып, өндірісті кеңейтуге мүмкіндік берді. Биыл аталған қаражат 75 ауылдық округтің тұрғындарына берілуде.
Қалтөре Қарабаев, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:
- Ауылдық жерлерде 1400-дей жаңа жұмыс орындарын ашу көзделіп отыр. Сонымен қатар қаржыландыру 7 бағыт бойынша жүзеге асырылады. Оның ішінде ауыл шаруашылығы техникасы лизингі енгізілген. Бүгінгі таңда бірінші транш бойынша 7 млрд теңгеден астам қаржы бөлініп, игерлуде.
Облыста соңғы 3 жылда ауыл тұрғындарының кәсібін дамытуға «Ауыл аманаты» бағдарламасымен 30 млрд теңге бөлінді. Бұл қаражат 4 мыңнан аса жобаны қаржыландырып, әлеуметтік осал топтағы отбасыларды қолдауға бағытталды.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш