Елде Отбасы күніне арналған апталық басталды
Іс-шаралар 7-13 қыркүйек аралығында еліміздің барлық өңірінде өтеді, деп хабарлайды «24KZ».
Отбасы күні Қазақстанда дәстүрлі түрде қыркүйектің екінші жексенбісінде аталып өтеді. Апталықтың негізгі мақсаты – отбасы құндылықтарын дәріптеу, отбасындағы қарым-қатынас мәдениетін дамыту және саналы ата-ананың маңызын түсіндіру.
Апта бойы ақпараттық, танымдық және қоғамдық іс-шаралар ұйымдастырылады. Әр күн отбасы өміріне қатысты белгілі бір тақырыпқа арналады.
7 қыркүйек – «Отбасы: дәстүр мен бүгінгі заман сабақтастығы». Отбасы дәстүрлері мен ұрпақтар сабақтастығына мән беріледі.
8 қыркүйек – «Отбасын саналы түрде құру». Жастардың отбасылық өмірге жауапкершілікпен қарауы және отбасы құндылықтары насихатталады.
9 қыркүйек – «Саналы ата-ана болу». Бала тәрбиесіндегі ата-ананың рөлі мен жауапкершілігіне назар аударылады.
10 қыркүйек – «Дені сау ұрпақ: бірге өсеміз». Балалардың денсаулығы мен қауіпсіздігіне қатысты мәселелер қамтылады.
11 қыркүйек – «Отбасы – қамқорлық мекені». Отбасы мүшелеріне қолдау көрсету мен өзара қамқорлықтың маңызы түсіндіріледі.
12 қыркүйек – «Отбасы берекесі: қиындықта тірек болу». Қиындықтарды бірге еңсеру және отбасы мүшелерінің бір-біріне қолдау көрсетуі сөз болады.
13 қыркүйек – «Әр күніміз бірге». Отбасы мүшелерінің бірге уақыт өткізуі мен ортақ құндылықтарды нығайтуға басымдық беріледі.
Сонымен қатар әлеуметтік желілерде «Отбасымыздың бір күні» ұранымен жалпыұлттық #Otbasym2026 челленджі өтеді.
Апталықты Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі ұйымдастырып отыр.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз