Өзбекстан астанасында Қазақстан киносының күндері өтті
Ташкентте төл туындыларымыз көрсетіліп, ұлттық құндылықтарымыз ұлықталды. Игі бастама ел Тәуелсіздігінің 35 жылдығына орай ұйымдастырылды, деп хабарлайды 24KZ.
Қазақ пен өзбек. Ежелден ауылы аралас, қойы қоралас бауырлас халық. Төл тарихы, ділі мен тілі тамырлас екі елдің байланысы бүгінде де берік. Алыс-беріс, барыс-келіспен қатар мәдени қатынас та қарқын алып келеді. Соның бір көрінісі ретінде Өзбекстан астанасы Ташкент шаһарында қазақ киносының күндері өтті. Онда отандық туындылар ала шапайынды ағайындылардың назарына ұсынылды.
Ералы Тоғжанов, ҚР Өзбекстан республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі:
– Кино саласы – бұл елдің, халықтың салты мен дәстүрі, мемлекеттердің өткен тарихы мен бүгінгі болашағы, ол елдің нақты өмірі деп айтсақ, артық емес. Бұл сана-сезімге, халықтың өзіндік өзіндігін білуге әсер тигізетін, арғы қарай айтатын болсақ, бұл үлкен идеологиялық сала деп айтсақ, артық емес.
Ең алдымен көпшілікке «Ерекше» фильмі көрсетілді. Бұл тағдырдың тепірішіне қарамастан қайсарлықтың қалыбынан айнымаған, жігерін жанып, спорттың шыңына шыққан жасөспірім жайлы туынды. Кейін, достық пен халықтың бірлігіне үндейтін «Менің үлкен қазақ отбасым» киносы ұсынылды. Қос шығарма да көрерменнің оң бағасына ие болды.
Даниэль Джеймс, актер:
– Менің ойымша, Қазақстанның киносы Өзбекстанда көрсетілгені өте жақсы. Өйткені тарихымыз бір, ұлтымыз әртүрлі болса да, бірлікте болуымыз керек. Біз Орталық Азиядан шыққанбыз, мүмкіндіктеріміз де бірдей. Егер кино саласында тәжірибе алмасатын болсақ, жарқын болашаққа бірге нық қадам баса аламыз.
Думан Еркінбек таспалаған «Қайтадан» фильмі, Дамир Әбілхановтің «Жабайысы», Тұрдыбек Майдан мен Тілек Төлеуғазының «Алтын адамы» және Джеффри Веспаның «Әміре» фильмдері де көпшіліктің көңілінен шықты.
Ерлан Бұхарбаев, «TIGER FILMS» кинокомпаниясының бас директоры:
– «Ерекше» фильмі өзбек көрермендеріне ұнайтынына сенімдіміз. Біз Қазақстандағы Kinopark кинотеатрларында осы фильмді көрсетуден түскен табысты паралимпиадалық спорт түрі – боччаны дамытуға бағыттадық.
Алда да әріптестік байланыс бекі түспек. Қос елдің кино мамандары бірігіп, фильм түсіруге бейіл. Іс-шара аясында келелі кеңес өткізіп, салаға серпіліс берудің тетіктерін талқылады.
Авторы: Шернияз Жалғасбекұлы