Қазақстанда электр көліктерін қуаттандыру станцияларының желісі кеңейді

@kolikpress

Қазақстанда автомобиль жолдарындағы электр көліктерін қуаттандыру станцияларының желісі кеңейіп келеді, деп хабарлайды «24KZ».

Осыған дейін қуаттандыру станциялары тек ірі мегаполистерде ғана шоғырланып келсе, қазір бұл желі өңірлер арасындағы бағыттарды қамти бастады. Жаңа станциялардың іске қосылуы жүргізушілерге сапарларын алдын ала еркін жоспарлап, қуат таусылып қалады деп алаңдамай қалааралық жолға шығуға толық мүмкіндік береді.

Бүгінгі таңда еліміздің 13 өңірінде 62 электр көліктерін қуаттандыру станциясы жұмыс істейді. Станциялардың ең көбі Алматы мен Жамбыл облыстарында — 12-ден, ал Ақмола мен Қарағанды облыстарында 8-ден орнатылған. Сондай-ақ бұл желі Атырау, Жетісу, Батыс Қазақстан, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстарын қамтиды.

Инфрақұрылым негізгі көлік бағыттарын толықтай қамтамасыз етуге бағытталған. Атап айтқанда, «Астана – Алматы» трассасында 13 станция, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық дәлізі бойында 19 ЭҚС, «Астана – Петропавл» бағытында 7 және «Алматы – Өскемен» жолында 6 станция қолданыста тұр. Орнатылған құрылғылардың қуаты 60-тан 320 кВт-қа дейінгі аралықты құрайды, бұл жүргізушілерге қалааралық сапарларын сенімді түрде алдын ала жоспарлауға мүмкіндік береді.

Қуаттандыру желісін кеңейту жұмыстары одан әрі жалғасуда. 2026 жылға арналған жоспар бойынша республикалық және халықаралық маңызы бар жолдар бойында салынатын 27 жаңа автожанармай құю станциясында қосымша ЭҚС орнату көзделген. Оның ішінде «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автожолында тағы 7 станция пайда болады деп күтілуде.

Қазіргі уақытта Көлік министрлігі жергілікті атқарушы органдармен және жеке инвесторлармен бірлесіп, жаңа нысандарды салу және оларды Ұлттық стандарт талаптарына сәйкестендіру бағытында белсенді жұмыс жүргізіп жатыр.

Сондай-ақ оқыңыз: