Батыс Қазақстанда жайылымнан 36 жылқыны айдап әкеткен ер адам қолға түсті

Фото: ЖИ арқылы жасалған

Батыс Қазақстан облысында 36 жылқыны ұрлауға қатысы бар деген күдікпен 48 жастағы ер адам ұсталды, деп хабарлайды 24KZ.

Күдіктіні БҚО полиция департаментінің криминалдық полиция басқармасы Қаратөбе және Сырым аудандық полиция бөлімдерінің қызметкерлерімен бірлесіп жүргізген жедел-іздестіру шаралары барысында анықтаған.

Тергеу мәліметінше, күдікті еркін жайылымда жүрген жылқыларды айдап әкетіп, өз ауласына қамап отырған. Кейін малды жүк көліктеріне тиеп, Қазақстанның оңтүстік өңірлеріне жөнелткен.

Қазіргі таңда полиция оның жалпы құны 14 млн теңгеден асатын 36 жылқының ұрлануына қатысы бар екенін анықтады.

Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу амалдары жалғасып жатыр.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, мал ұрлығы үшін кінәлі адамға 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру және мүлкін тәркілеу жазасы қарастырылған.

Полиция тұрғындарға малды қараусыз қалдырмауға, міндетті түрде таңбалап, GPS-трекер орнатуға кеңес береді. Бұл жоғалған немесе ұрланған малды тезірек анықтауға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ оқыңыз: