Қазақстандық тревел-блогер Дональд Трамптың ұлына шапан тарту етті
Қазақстандық танымал тревел-блогер Дастан Мұхамедрахым Моңғолияда АҚШ-тың президенті Дональд Трамптың үлкен ұлымен кездесіп, оған қазақтың ұлттық шапанын сыйға тартты. Бұл туралы блогер өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеді, деп хабарлайды «24KZ».
Блогердің айтуынша, олар табиғат аясында үш күн бірге демалып, бір дастарханда дәмдес болып жақын танысқан. Кездесу барысында Дональд Трамп-кіші қазақстандық блогердің контентін жоғары бағалап, оның әлеуметтік парақшасына жазылған. Осы орайда Дастан шетелдік қонаққа қазақтың ұлттық киімін кигізіп, шапан сыйлағанын көрсетті.
Әлеуметтік желіде жарияланған кадрлардан АҚШ Президентінің ұлының өзі қазақстандық блогерді видеоға түсіріп тұрғанын көруге болады.
Бұл жағдайға таңданысын жасырмаған Дастан:
Голливудта болмаған нәрсе, шын өмірде болып жатыр. Менің өзеннен өтіп жатқан видеомды Трамптың баласы өзі түсіріп тұр десем, найзағай ма?, - деп әзіл аралас жазба қалдырды.
Сондай-ақ блогер бұл кездесу арқылы алдағы уақытта әлемнің танымал тұлғаларын Қазақстанға шақырып, елдің туристік әлеуетін паш етсем деген ниеті бар екенін жеткізді.