Qarmet шахталарында ауқымды жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр

Qarmet шахталарында ауқымды жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр. Мұнда жерасты өндірісінің барлық негізгі бағыттарын жаңарту қолға алынды. 

Яғни тау-кен шахта техникасы, шахталарды желдету, газсыз-дандыру, байланыс, цифрлық бақылау жүйелері және өнеркәсіптік қауіпсіздік салаларында тиісті шаралар жалғасып жатыр. Заманауи талапқа сай технология еңбек қауіпсіздігін қалай қамтамасыз етеді? 

Qarmet көмір департаментінің кәсіпорындарында техникалық жаңғырту жұмыстары қарқын алды. Қашықтан басқарылатын заманауи тазалау және үңгу кешендері өндірістік операциялардың бір бөлігін автоматтандыруға жол ашты. Бұл жұмысшылардың ең күрделі әрі қауіпті аймақтарға бармай-ақ жұмыс істеуіне мүмкіндік береді. Тағы бір маңызды бағыт – көмір қабаттарын алдын ала газсыздандыру жұмысы. Яғни метан газы көмір өндіру басталғанға дейін сыртқа шығарылады. Аталған тәсіл шахтерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуде зор маңызға ие болып отыр.

Төлеген Шаяхметов, «Qarmet» АҚ көмір департаментінің өндіріс жөніндегі директоры:

- Біздің компанияның барлық шахтасында жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр. Жақын арада бағытталған бұрғылау енгізіледі. Біріншіден, бұл – қауіпсіздік мәселесі. Екіншіден, үңгу жұмыстарын жүргізетін шахтерлерімізге төнетін қауіпті азайтады. Компания жақында ғана жұмысын бастағанын білесіздер. Алайда осындай қысқа уақыт ішінде өте көп шаруа атқарылды.

Ленталы конвейерлердің өртке қарсы қорғанысы жетілдірілу үстінде. Сондай-ақ жұмысшыларды ауысым алдындағы медициналық тексеруден өткізуге арналған заманауи медициналық пункттер жұмыс істейді. Бұдан бөлек, көмірді шахталардың өз аумағында құрғақ байыту жобалары жүзеге асырылып, «Восточная» байыту фабрикасында да жаңарту жұмыстары жүріп жатыр. Жаңғыртудың негізгі бағыттарының бірі – желдету инфрақұрылымын дамыту. «Тентек» шахтасында екі ауа беретін оқпан құрылысы басталды. Бұл нысандар расталған қоры 30 млн тоннадан асатын перспективалы учаскелерді одан әрі игеруге жол ашады. Күзембаев атындағы шахтада да қосымша желдету оқпаны тұрғызылуда. Айта кетейік, бұл оқпандар – Кеңес Одағы кезінен бері алғаш салынып жатқан құрылыстар.

Александр Переберин, Т. Күзембаев атындағы шахтаның бас инженері:

- 90-жылдардан бері Қарағанды көмір бассейнінде оқпан құрылысы жүргізілген жоқ. Жаңа оқпанның арқасында жер қыртысын терең зерттеп, жаңа қорларды игереміз. Яғни бұл шахтаны қажетті мөлшердегі ауамен қамтамасыз етеді.

Көмір департаментінде жерасты байланысы да дамып келеді. Шахталар армафондармен және 700 метр тереңдегі кеншілермен байланысатын рациялармен жабдықталды. Барлық шахтерді диспетчерлер тәулік бойы бақылауда ұстайды. Олар кеншілердің орналасқан жерін нақты уақыт режимінде көріп, жер астындағы жағдайды қадағалайды. Деректерді өңдеуге және қауіп-қатерді анықтауға жасанды интеллект технологиялары көмектеседі. Шахтада жылдар бойы үздіксіз еңбек етіп жүрген жандар көп. Елдос Бахтияр Күзембаев атындағы шахтада сегіз жылдан бері жұмыс істейді. Оның айтуынша, кәсіпорындағы жағдай кейінгі уақытта жақсарып келеді.

Елдос Бахтияр, Т. Күзембаев атындағы шахтаның шахтері:

- Үш жыл бұрын көп адам бұл жерден кетіп жатты, болашақты көрмеді. Қазір бәрі жақсы. Тіпті жұмыстан шығып кеткен адамдардың өзі қайта оралып жатыр. Жаңа техника пайда болды, қауіпсіздікке үлкен көңіл бөлінеді. Мұның бәрі жаңа инвестордың келуімен жүзеге асып жатыр.

Әрине, үш жыл бұрынғы жағдаймен салыстырғанда өзгерісті айқын көруге болады. 2023 жылы Qarmet көмір департаментіне қарасты сегіз шахтаның тек үшеуі ғана жұмыс істеп тұрған еді. Бүгінде барлық кәсіпорында жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жаңа учаскелер іске қосылып, техника мен инфрақұрылым жаңартылып, қауіпсіздік жүйелері даму үстінде. Компания 2028 жылға қарай жылына 9 млн тонна көмір өндіруді көздейді. Жаңа өндірістік нысандар, техника мен цифрлық бақылау жүйелерін, сондай-ақ өнеркәсіптік қауіпсіздік жүйелерін жаңғырту қажетті өндірістік көрсеткіштерге кезең-кезеңімен, әрі ең бастысы қауіпсіз түрде қол жеткізуге мүмкіндік береді. Qarmet-ті трансформациялаудың жалпы бағдарламасының бір бөлігі ретінде шахталарды жаңғырту үлкен маңызға ие. Осы күнге дейін компания көмір, металлургия және темір кені бағыттарын қамтитын өндірістік қуаттарды жаңартуға шамамен 3,5 млрд доллар жұмсады. 

Авторы: Нұрқанат Қанапия

 

Сондай-ақ оқыңыз: