Түркістанда 143 көше орташа жөндеуден өтеді

Түркістан қаласында ұзындығы 145 шақырымнан асатын 143 көше орташа жөндеуді қажет етеді. Көпшілігіне асфальт төселмеген. Биыл ішкі көшелерге жол жабындысын төсеп, аяқжолдарды салу үшін облыстық бюджеттен 6,5 млрд теңге қаралып отыр.

Қазір Ортақ ықшам ауданындағы 5 көшеге қиыршық тас төселіп, нығыздау жұмыстары жүріп жатыр. Бұл көшелерге бұрын асфальт төселмеген. Тұрғындар көктем мен күз айларында лай-батпақ болса, жаздың күні шаң көтеріледі. Әсіресе мектепке баратын балаларға қиын болғанын айтады. 

Севера Қалжанова, қала тұрғыны:

- Бұған дейін батпақ, лай болды балалар. Соның бәрінен өттік. Енді тез-тез асфальт төселсе деп отырмыз. Асфальт жақсы ғой балалардың мектепке барып келгеніне, шаң-тозаңнан қолайлы. Үйімізде жеңіл көліктер бар, оларға да жақсы.

Бекжан Есімбетов, қала тұрғыны:

- Машина бұзыла беретін еді жол қотыр-қотыр болған соң. Жаңбыр жауса, машинаға қиналып қалатын едік. Жолымыз асфальт, тегіс болса, әдемі болатын еді негізі. Машинада шаң болмайды. Қазір жусаң, бір кіріп шығасың болды, қайтадан мойкаға...  

Қазір мұндағы Игілік, Шаш ана, Құсшы ата, Сүйіліш батыр және Майшай Абенова көшелеріне су себіліп, асфальт төсеуге дайындық жүріп жатыр.

Қуаныш Әбденов, учаске басшысы:

- Жөндеу жұмыстарына жұмылдырылған техника  саны 6 техника, 18 жұмысшы және 7 маманымыз бар. Құдай қаласа, осы айдың аяғына дейін осы Ортақ көшеміздегі 5 көшеміздің жалпы ұзындығы 2 км  болатын, тапсыру ниетіндеміз. 

Бұдан бөлек, қалада Бірлік, Шауғар, Отырар тұрғын алабында да орташа жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Жалпы қала бойынша 143 көшеге асфальт жабындысы төселеді.

Ерсұлтан Тілеубергенов, қалалық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы:

- Осы 143 көшенің басым бөлігі биыл аяқталады. Қалғаны келесі жылға өтпелі нысан. Жөндеу барысында әлеуметтік нысандарға қатынайтын және инженерлік инфрақұрылым жүйелері толығымен аяқталған көшелерге басымдық берілуде. Жұмыс барысында асфальт жабындысы төселіп, жол жиегі ретке келтіріледі және аяқжолдар төселеді.

Биыл облыста жалпы ұзындығы 1138 шақырым болатын 224 нысанда жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Жыл соңына дейін соның 445 шақырымы пайдалануға беріледі деп жоспарланған.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш

Сондай-ақ оқыңыз: