Елде малайзиялық туристердің саны артты
Былтыр Алматыға Малайзиядан 10 мыңға жуық турист келді. Көрсеткіш бір жылда 20 процентке артқан. Бұл туралы Куала-Лумпурда өткен MATTA Fair 2026 халықаралық туристік көрмесінде хабарланды. Ауқымды іс-шарада Қазақстанның туристік әлеуетін Visit Almaty павильоны таныстырды.
Онда музыканттар мен бишілер өнер көрсетіп, қонақтар ұлттық тағамдардан дәм татып, кәдесыйлар таратылды. Іс-шара қорытындысы бойынша Алматы павильонының мәдени бағдарламасы үздік деп танылды. Үш күнде көрмеге 200 мыңға жуық адам қатысқан.
Еркебұлан Әбіханов, Алматы қаласы Туризм басқармасы бөлімінің басшысы:
- Алматының Оңтүстік-Шығыс Азия нарығындағы танымалдылығын арттыру мақсатында кешенді маркетинг жұмыстары жүргізілуде. Малайзия, Тайланд, Сингапур және Индонезия нарықтарында жүргізілінген жарнамалық науқандар 66 миллион көрсетілім жинады. Біздің негізгі мақсатымыз – Алматы халықаралық туристік нарықтың танымалдылығын арттыру. Сондай-ақ Оңтүстік-Шығыс Азия елдерімен туристік бағытты одан әрі нығайту.
Көрме аясында Almaty Tourism Day іс-шарасы өтті. Оған Қазақстан мен Малайзияның туризм саласының өкілдері қатысты. Қос тарап өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Құжат туристік бағыттарды бірлесіп насихаттауды, ақпарат алмасуды және іскерлік байланысты дамытуды көздейді.
Стивен Фунг, Куала-Лумпур қаласының тұрғыны:
- Алматыда үш рет болдым. Енді отбасыммен бірге тағы баруды жоспарлап отырмын. Маған Қазақстанның мәдениеті, табиғаты мен көрікті жерлері ұнайды. Алматыда қызықты туристік орындар көп.
Беньямин Исмаил, малайзиялық әуе компаниясының бас директоры:
- Қазақстан – саяхатшылар арасында сұранысы жоғары бағыттардың бірі. Кейінгі бір жылда Куала-Лумпур – Алматы бағыты бойынша рейстер саны көбейіп, сапарлаушылар қарасы артты. Қазір ұшақтар аптасына бес рет қатынайды. Осы қарқын сақталса, алдағы уақытта Астанаға тікелей әуе рейсін ашу мүмкіндігін қарастырамыз.