Атырау облысында Оспановтар әулеті «Мерейлі отбасы» байқауында жеңімпаз атанды
Атырау облысы Жылыой ауданында тұратын Оспановтар әулеті отбасылық құндылықты дәріптеп, көпке үлгі көрсетіп жүр. Үйдің үлкендері кейінгі ұрпақтың тәрбиесіне аса қатты мән береді.
Бір шаңырақтың астынан өсіп-өнген жандар әр салада жемісті еңбек етіп, өз ісінің маманы атанды. Өнегелі отбасы биыл «Мерейлі отбасы» байқауының облыстық кезеңінде жеңімпаз атанды.
Жылыой ауданы, Ақкиізтоғай ауылындағы Ақай ата мен Балтөре әженің шаңырағынан 8 бала өсіп-өнді. Солардан тараған ұрпақ саны бүгінде 100-ден асады. Барлығының бірлігі бекем, татулығы жарасымды. Қазір 94 жастағы Балтөре әже – балалары мен немере-шөберелерінің ақылшысы, отбасының берекесін сақтап отырған алтын діңгек. Қиындыққа мойымаған қария ұрпағының есіне қанағат пен шүкірді үнемі салып отырады.
Балтөре Оспанова, Ақкиізтоғай ауылының тұрғыны:
- Қазір не керек жаныңа, бәрі бар. Наныңа дейін илеп береді. Біздер от жақтық. От жаққанда қазандыққа артынан көмір салдық. Көмірдің бір жылаңқысы жанады да, жанбайтыны боқ иісі шығады. Оны қайта шығарамыз. Осындай қиыншылықты көрдік қой, айналайын.
Үлкен әулеттің татулығы қарттарға құрмет пен жастарға ізеттен басталады. Ағайын арасының ажырамауы балалардың ата-анадан алған тәрбиесіне байланысты.
Гүлшат Әділова , Б. Оспанованың келіні:
- Әулетіміздің тату-тәтті болуы енемізге байланысты. Ол кісі бір келінді бір келінге жамандап көрмеген. Соның ұйытқысы болар, біздің татулығымыз.
Ақай ата пен Балтөре әженің сегіз баласы әр салада еңбек етіп жүр. Бірі білім саласының өркендеуіне үлес қосса, үш баласы қоғамдық тәртіптің сақшысы. Қазір олардан тараған ұрпақ та елдің қажетіне жарады.
Қасым Оспанов, Б. Оспанованың ұлы:
- Біздің отбасының мерейлі болуы, бұл – бірінші кезекте ата-ананың берген тәрбиесі және үлкендерге көрсетілген құрмет, ізет. Сол үлкендердің жақсы ақыл-кеңестерін алып, құндылықты сақтау, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан қағида деп ойлаймын.
Оспановтар әулеті ұрпағына еңбексүйгіштік пен бауырмалдықты аманат етіп келеді. Соның арқасында биыл өңірдегі «Мерейлі отбасы» атанды. Ұлттық құндылықты дәріптеп, отбасы институтының нығаюына үлес қосып отырған шаңырақ көпке үлгі.
Авторлары: Асланбек Шығыр, Айбек Байзақов, Жандос Рахметуллин