Қазақстанның жарнама нарығының 24,4% телевизияға тиесілі

Қазақстанның жарнама нарығының төрттен бір бөлігі телевизияға тиесілі. Бұл Орталық Азия жарнама қауымдастығының  деректері. Сарапшылардың бағалауынша, телевизия ірі жарнама берушілер үшін маңызды алаң ретіндегі өз орнын сақтап отыр. Астанада өткен Ұлттық медиа қауымдастығының «Цифрлық бәсекелестік жағдайындағы телевизия: даму перспективалары» атты  конференциясында саладағы өзекті мәселелер сөз болды.

Басқосуда телевизиялық контентті цифрлық платформалар арқылы тарату жайы талқыланды. Сондай-ақ, түрлі аудиторияны ортақ өлшемдер негізінде бағалауға ерекше назар аударылды. Ұлттық медиа қауымдастық тек телеарналарды ғана емес, жарнама беруші ірі компанияларды және сейлз-хаустарды біріктіреді. Айта кету керек, жалпы жарнаманың 53%-ы интернетке, 19,4%-ы сыртқы жарнамаға тиесілі. Ал радио мен баспасөз беттіріне берілетін хабарламадар үлесі 2%-дан аспайды. Ақшалай есептегенде, Қазақстандағы жарнама нарығының жалпы көлемі 66 млрд теңгеге жуықтады. Бұл биылғы жарты жылда тіркелген көрсеткіштер. 

Кемелбек Ойшыбаев, Ұлттық медиа қауымдастығының басшысы:

- Бұл жиында біз жаңғыру, даму бағытында қандай сұрақтарды шешу керек? Сол сұрақтарды талқылау үшін жиналамыз. Қоғамның, депутаттардың тарапынан жарнама фастфуд, басқа да қанты көп қосылған өнімдерді шектеу жағында талқылап жатыр. Сондықтан осы бағытта егер шектеулер енгізілетін болса, онда жарнама нарығына үлкен кедергі алып келуі мүмкін. Себебі шамамен 30-35% жарнама нарығы сол бағыттардан тұрады. 

Жиынға отандық және шетелдік медиа сарапшылар қатысты. Халықаралық тәжірибе телевизия саласының жаңа медиа ортаға бейімделуінің екі негізгі бағытын айқындайды. Оның біріншісі – контентті интернет арқылы кеңінен тарату, екіншісі – цифрлық сервистермен әріптестікті дамыту. Мәселен, BBC-дің дистрибуция және бизнесті дамыту жөніндегі аға менеджері Надя Винокур Ұлыбританияның телевизия нарығындағы өзгерістерге тоқталып, екі жыл бұрын іске қосылған Freely телевизиялық платформасының рөлі туралы баяндады.

Цифрлық бәсекелестік жағдайында телевизияның дамуы

Надя Винокур, BBC Бизнесті дамыту және дистрибуция жөніндегі аға менеджері:

- Ұлыбританияда көрермендердің 70%-дан астамы контентті интернет арқылы қарайды. Бұл интеграция халықтың өз сұранысынан бастау алып, бірнеше жылдан бері жалғасып келеді. Қазіргі таңда дәстүрлі телевидениені интернетпен қалай байланыстыру керек деген мәселе тұрған жоқ. BBC таяудағы 10 жылда бүкіл телевидение толығымен интернет арқылы тарату жүйесіне көшеді деп болжайды. Біздің түпкі мақсатымыз — эфирлік телевидениені өшіріп, контентті тек интернет арқылы ұсыну. Бұл телевидение жойылып бара жатыр деген сөз емес. Тікелей эфир бұрынғыдай маңызды, тек оларды жеткізу жүйесі интернет арқылы жүзеге асады. 

Сондай-ақ оқыңыз: