Starlink интернеті: теміржол саласындағы цифрлық жаңашылдықтар
Қазақстан теміржолында цифрлық жаңашылдықтар енгізілуде. Starlink интернеті 1500-ден астам вагонға орнатылып, 51 бағытта қолжетімді болды, деп хабарлайды 24KZ.
Сонымен қатар компания үш цифрлық жобаны жүзеге асырып жатыр. Соның бірі – смарт-диагностика. Ол теміржолдағы ақауларды анықтау уақытын 14 күннен небәрі 1-2 минутқа дейін қысқартады.
Геннадий Шиповских, «ҚТЖ» ҰК» АҚ басқарма төрағасының кеңесшісі:
- Жол жөндеушілер, яғни алдын ала диагностика жүргізетін болса, жолдың бойында оған жоқ дегенде 14 күнге жуық уақыт өтеді. Яғни азаматтар жүреді, қарайды, қай учаскіде ақау бар. Ал қазіргі уақытта смарт диагностика 14 күнде жасаған дүниені небәрі 1-2 минуттың көлемінде ақпаратты алып, қажетті ақпаратты орталыққа жіберуге және де қарастырылған бюджеттегі ақшаны дәл сол учаскіге арнайы жұмсауға өзіндік тиімдігін береді.
Қазақстан теміржолында тағы екі цифрлық жоба қолға алынған. Trip Optimizer жүйесі 425 локомотивке орнатылып, отын шығынын үнемдеуге бағытталған. Ал тәжірибелік пайдаланудан өтіп жатқан жасырын транзит жүйесі жүк тасымалындағы көлеңкелі схемалардың алдын алуға көмектеседі. «Бүгінде ревизорлар осындай 389 жағдайдың жолын кесті», – дейді мамандар.
Геннадий Шиповских, «ҚТЖ» ҰК» АҚ басқарма төрағасының кеңесшісі:
- Енді үшінші жасырын транзитке келетін болсақ, өте маңызды жоба. Қазіргі уақытта ол тәжірибелік эксплуатациядан өтіп жатыр. Оның басты мақсаты – осындай көлеңкелі схемаларды жоққа шығару. Қазір ондайға жол жоқ, өйткені жүйе алдын ала жасанды интеллект бойынша бәрін біліп отырады. Осындай схемалар ревизорлардың көмегімен 389 рет алдын алынды.