ШҚО-да науқастарға арналған пансионат ашылды
Өскемендегі онкология орталығы жанынан пансионат ашылды. Күндізгі стационар шалғай елді мекендерден келіп, ем қабылдайтын науқастарға арналған.
Тұрғындар бұған дейін пәтер немесе қонақ үй жалдап әуреге түсетін. Енді химия және сәулелік терапия секілді ауыр процедурадан соң науқастар осында алаңсыз тынығатын болады. Пансионатта жатын орындарымен қатар жуынатын бөлме және ас үйі бар. Жаңа орталыққа орналасқан науқастың бірі – Любовь Бахтинова. Риддер тұрғыны енді ем қабылдау кезінде қайда тұрамын деп алаңдамайтын болдым дейді. Жалпы өңірде онкологиялық диспансер есебінде 14 мыңнан астам адам бар.
Любовь Бахтинова, Риддер қаласының тұрғыны:
- Біз қазір ем-домнан соң алаңсыз осында демаламыз. Қажеттің барлығы осы орталық жанында бар. Осыған дейін пәтер жалдап жүретін едік. Ал мына жерде ештеңе іздемейтін болдық. Күнделікті тап-таза төсек-орын беріледі.
Гүлмира Сағидуллина, Онкология және хирургия көпсалалы орталығының директоры:
- Мұнда науқастар өздерін ауруханада емес, үйде жүргендей сезінеді. Сол үшін барлығын үйдегідей жасауға тырыстық. Пансионатта науқастарға тәулік бойы қызмет көрсететін арнайы маман да бар.