Ұлытаулық құтқару тобы 107 рет әуеге көтерілді

Ұлытаудағы «Қазавиақұтқару» жасағының ұшқыштары жыл басынан бері 107 рет әуеге көтерілді. Алыс жолға шыдамайды деген 73 науқасты ауруханаға жеткізді. Боранда адасқан 5 адамды құтқарды, деп хабарлайды 24KZ.

Авиациялық жасақ Ұлытау төңірегі ғана емес, осы өңірмен шектесетін 7 облысқа да қызмет көрсетуге әркез әзір. Күні-түні кезекшілік атқарып, қырағы отырады. Бүгін – құтқарушылар күні.

Ұшқыштың кәсіби деңгейі мен тәжірибесі әуеде өткізген уақытымен өлшенеді. 96 сағат, 30 минут. Әлихан Биболов екі жылға жуық жұмыс тәжірибесінде осынша уақыт тікұшақ тізгіндеген. Жас пилот – Алматыдағы Азаматтық авиация академиясының түлегі. Күні кеше ғана сапардан оралған ол борт инженерімен бірге МИ-8 ұшағын келесі тапсырмаға дайындап жатыр. «Апат айтып келмейді, сондықтан экипаж мүшелері тәулік бойы қандай тапсырмаға болса да әзір тұруы тиіс», – дейді.

Әлихан Биболов, ұшқыш:

- Бізге жалған шақыру келмейді, өйткені барлық ақпарат тексеріледі. Ылғи да халыққа қызмет етуге және де халыққа көмек көрсетуге арналған ұшулар болады. Санавиацияда ұшқан кезде кішкентай сәбилер және үлкен кісілерді апарған кезде, оларға көмектескен кезде өзімді жақсы сезінемін. Өйткені адамдарға нақты көмек көрсетіп жатқанымды түсінемін.

Құтқару саласындағы ұшқыштар қатты жел мен қалың тұманға қарамай, тіпті таулы аймақтарда ұшуға мәжбүр болады. Әлихан Абай облысында болған алапат өртті сөндіруге қатысқан. «Бұл мен үшін естен кетпейтін сапар болды», – дейді. Құтқару жасағының ұжымы Ұлытау облысымен шекаралас өңірлерге де арнайы тапсырмамен көмекке аттанады. Жыл басынан бері ұшқыштар 107 рет әуеге көтеріліп, 73 науқастың дер кезінде медициналық көмек алуына жағдай жасап, қарлы боранда адасып кеткен 5 адамды құтқарып қалған.

Арман Қоңырбаев, «Қазавиақұтқару» АҚ Ұлытау облысындағы өкілі:

– Бұл авиациялық жасақ Ұлытау облысына өте маңызды. Алыс орналасқан елді мекенге әуе кемесімен барып тез арада көмек көрсетуге дайын. Ұлытау алты облыспен шекаралас. Сол облыстарға төтенше жағдайлар және де санитарлық авиациялық жағдайлар болған кезде әрдайым дайынбыз. Ұшағымыз әрқашан жауынгерлік есепте.

Төтенше жағдайлар министрлігінің алғашқы авиациялық жасағы мен арнайы тікұшақ ангары Жезқазғанда ашылған. Мұнда әуе көлігінің үздіксіз жұмысы үшін қажетті жылыту, желдету, өрт сөндіру және энергиямен жабдықтау жүйелері орнатылған. Қазір «20 авиациялық жасақ» жоспары аясында дәл осындай ангарлар өзге өңірлерде құрылып жатыр. Бүгінде министрліктің авиациялық паркінде 45 әуе кемесі бар. Олардың қатысуымен жыл басынан бері 2735 мәрте ұшу орындалған.

Авторлары: Елдос Кәкенов, Нұрлан Исмаилов

Сондай-ақ оқыңыз: